Қоғам

“Бірлік” ықшам ауданындағы 47 үй ағымдағы аптада тапсырылады

Құбылмалы ауа райы “Бірлік” ықшам ауданындағы құрылысшыларға кедергі емес. Олар осы күндері бір сәтке де бел жазбай еңбек етуде. Мақсат – үйлердің алғашқы партиясы тапсырылған бөліктегі 47 баспананы халық игілігіне беру. Ұзын көшелердің біріндегі мына №52 үйде жақын арада қоныс тойы тойланады. Алыстан көз тартатын нысан ішінде бірнеше адам тер төгіп жатыр.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Су жаңа үйлердің ішіндегі бөлмелердің орналасуы көпшіліктің көңілінен шығуы тиіс. Сол қанатта – отын жағатын орын. Мына жақта қос жатын бөлме. Балаларға және ересектерге. Дәретхана мен жуынатын бөлме сол жақта орналасқан. Ас бөлме мен қонақ бөлме мына тұста. Оның жалпы ауданы 30 шаршы метрге таяп қалады.

Ал жалпы үйдің ауданы – 80 шаршы метр. Төбемен еденнің арасындағы биіктік 2,5 жарым метр болғандықтан бөлмелер еңселі. Қазір мамандар ішкі жұмыстарды аяқтауға жақын.

Есік салынады, төбе тартылады, еденге арнайы материал төселеді. Бұдан бөлек те майда-шүйде жұмыстар бар. Сонымен, “Бірлік” ықшам ауданындағы үйлердің бірі дайын болады. Ал баспана кілтін алып үлгерген бұқара қыстың қамына кіріскен. Ирина Тучина отын сақтайтын орынға ағаш кесектерін кіргізіп жатыр. Бұлар Былғары зауытындағы үйде жағылуы керек еді. Тасқын жоспарды жүзеге асырмады.

ИРИНА ТУЧИНА, “Бірлік” ықшам ауданының тұрғыны:

– Үйіміздің ауласы кең. Көлікпен бұрынғы үйдегі отынымызды әкеліп, түсіріп жатырмыз. Далада қалмағанын қаладық. Былғары зауытындағы баспанамыздың ауданы 73 шаршы метр еді. Мында 7 шаршы метрге үлкен. Жаңа үй өзімізге ұнады. Жанұяда 6 адамбыз. Бөлмелері бәрімізге жетеді.

Тасқыннан зардап шеккен жандар жаңа үйге әлі қоныстанбаған. Алдағы бірер күнде кіруді көздеп отыр. Жоспарларында ауладағы жерді көтеру бар. Қосымша құрылыс та жүргізгілері келеді. Еңбекке құштар жерлестеріміз бір орында тұрмай, енді өз күштерімен алға жылжығанды құп көреді.

 

Байболат Құлтанов