Аптадағы маңызды жаңалықтар

Олжас Бектенов СҚО-да егіс қорытындысымен танысты

Үкімет басшысы Аққайың ауданындағы «Дайындық Агро» серіктестігінің алқаптарын аралап көрді. Агроқұрылым биыл 7,5 мың гектарға жуық алқапқа егін сепкен.

БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, “Дайындық Агро” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Биылғы жылы біздің шаруашылықта 13 кешен жұмысқа шықты. Көктемгі науқанды кеше аяқтадық. 9 дақыл ектік. Оның ішінде бидай, арпа ектік, күнбағыс пен жүгері ектік, майлы дақылдардан рапс, бұршақты дақылдар ектік. Биыл жемшөптік комбайн алдық және де жүгері, күнбағыс егуге арналған сеялка алдық.

Мемлекет басшысының дара дақылды егістен бас тарту мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы мал азығына арналған танаптар 3 есеге ұлғайтылған.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Біз бүгінде әлемдік нарықта сұранысқа ие экологиялық таза, табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіреміз. Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешеніне жеңілдетілген несие беру және субсидиялау түрінде үлкен қолдау көрсетіліп жатыр, олардың көлемі жылдан жылға артып келеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында шығарылатын барлық өнімді өңдеу және экспорттау маңызды. Ол үшін еңбек өнімділігін тұрақты түрде арттырып, жаңа технологиялар мен тәсілдерді енгізу қажет.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр заманауи сүт-тауар фермаларын салуға 100 млрд теңге жеңілдетілген несие қаражаты бөлінген болатын. Тауар өндірушілерге тек сүт өндіру мен өткізу үшін субсидия түрінде жыл сайын 24 млрд теңгеге жуық қаржы аударылады. Премьер-Министр «Иван Зенченко» фермасының мысалында өңірде сүт өнеркәсібінің әлеуетін одан әрі кеңейту мәселесіне баса назар аударды. Аймақта Олжас Бектенов неміс технологиясы бойынша ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылатын CLAAS зауытында болды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Қазақстандық фермерлер арасында жоғары сапалы ауыл шаруашылығы техникасына сұраныс артып келеді. Енді компанияның міндеті – өндірісті локализациялау деңгейін жыл сайын арттыру. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл мәселені бақылауда ұстауы тиіс.

Кәсіпорын сұранысқа ие көптеген ауыл шаруашылығы техникаларын шығарады. Биыл нарықты 523 жаңа техникамен, атап айтсақ: 103 трактор, 180 комбайн, 165 дестелегішпен және 75 егіс кешенімен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

 

Ақжүніс Мұқатай