Мәдениет

Облыстық музей мерейтойына арналған шығармашылық сайыс

Облыстық тарихи-өлкетану музейіне биыл 100 жыл толып отыр. Соған орай тарихы терең мәдениет ошағында балалар арасында “Art-палитра” атты сурет фестивалі ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға қала мен аудандардан жиылған 120 оқушы қатысты.

ИРИНА КОЛОДАЕВА, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы басшысының орынбасары:

– Өңірде шығармашыл, дарынды балалардың қатары артып келеді. Олар түрлі байқауға белсенді қатысады. Осы фестивальге де біраз бала келді. Іс-шара тек жарыс ретінде ғана емес, тәжірибе алмасу бағытында өткізіліп отыр. Жеңімпаз атанған жеткіншектерге дайындаған бағалы сыйлықтарымыз бар. Байқау біткен соң қаланы аралап, экскурсия өткіземіз.

Фестиваль жеткіншектердің шығармашылық қабілетін арттырып, өнерді құрметтеу мақсатында ұйымдастырылды. Қазылар алқасы ұсынылған суреттің тақырыпқа сәйкестігін, автордың көркемдік шеберлігін, безендіру эстетикасын бағалайды.

ҰЛБОЛСЫН ЕЛУБАЕВА, “Серпер” өнер мектебінің педагог-ұйымдастырушысы, Ақжар ауданы:

– Байқауға 14 бала алып келдік. Біздің ауданда бұл сала жақсы дамыған. Облыстық және республикалық жарыстарға да қатыстық. Оқушыларымнан күтер үмітім зор.

Кешегі Ә.Қастеевтің ізбасарларының салып отырған туындыларына қарасаң көз сүйсінеді. Көбінің бейнелеп жатқаны – табиғат. Жас қылқалам шеберлері сурет салу кезінде тек үлгіге ғана қарамай, қиялға ерік берулері керек.

АЙЫМ ТАҢАТПАЙ, байқауға қатысушы, Ақжар ауданы:

– Фестивальге екінші рет келіп отырмын. Байқауда жеңімпаз атанғым келеді. Осы өнермен айналысып жүргеніме 5 жыл болды.

Аталған фестиваль осымен 10-шы жыл қатарынан өткізіліп келеді.