Ауыл шаруашылығы

Егіс науқаны-2024: жоспар орындалуға жақын

Өңірде қызу қарқынмен жүріп жатқан егіс барысына тағы бір тоқталып өтейік. Теріскейлік диқандар жоспарды орындауға таяп қалды. Әзірге, 4 млн 200 мың гектар жерге егін еккен. Меже – 4 жарым млн. 3 млн-нан астамын дәнді және бұршақ дақылдар алып жатыр. Майлы өнім 700 мыңнан астам гектарға егілген. Облыста көктемгі дала жұмыстарына оңынан ықпал ететін шаралар уақытында атқарылды. Бүкіл алқапқа ылғал жабу жұмысы жүргізілді. 1 жарым млн гектарға жуық аумаққа 107 мың тонна минералды тыңайтқыш себілді. Бұл ретте жоспар 257 мың тоннаға жуықтайды.
Шаруалар литрі 250 теңге тұратын арзандатылған жанар-жағармаймен қамтылды. Егіс науқанына 12 мың 700 трактор, 14 мың дән сепкіш, 1 жарым мың заманауи жоғары өнімді егіс кешені жұмылдырылған. Облыста 219 машина-трактор шеберханасы бар, барлығы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандық диқандар машина-трактор паркін белсенді түрде жаңартып жатыр. Бұл өнім берекесін арттыруға ықпал етеді.
Биыл 18,9 млрд теңгеге 669 техника сатылып алынған. Жалпы, 2024 жылға арналған ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау 60,8 млрд теңгені құрайды, оның 20,4 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығы саласын дамытуға арналған.

 

Гүлден Сембаева