Sailau banner

Қоғам

Тасқыннан зардап шеккен жандарға 140 пәтер сатып алынды

Аққайыңдар өлкесінде тасқыннан зардап шеккен жандардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша жұмыс жалғасуда. Ұсынылатын нұсқаның бірі – пәтермен қамту. Бұған кейбірі келісім беруде. Мысалы, Баталовтар жанұясы қоныс тойын тойлайтындардың қатарында.

Тамара Владимировна жарық әрі кең екі бөлмелі пәтерде қызы және жиенімен бірге тұратын болады. Бұған дейін азаматша Ойқала шағын ауданындағы Потанин көшесі, 73 мекенжайы бойынша 25 жыл өмір сүрген. Тасқын кезінде үйі толығымен суға кетіпті. Комиссия оны апатты деп таныған.

ТАМАРА БАТАЛОВА, қала тұрғыны:

– Зал, жатын және ас бөлме болды. Өткен жылы су тарттық, душ кабинасын қойдық, үйдің маңайын абаттандырдық. Өкінішке қарай, бәрі суға кетті. Жақында Ойқалада болдық, көріністі көріп, төбе шашым тік тұрды. Әрине, мұндай жағдай кез-келген адамға ауыр тиеді.

Жерлестеріміз жер үй қаламаған. Отбасында мүгедек бала өсіп келе жатыр. Мұндай жағдайда қала орталығындағы жайлы пәтер – ең тиімді нұсқа. Тамара Владимировна жанұсымен бірге жаңа баспанаға әлі көшкен жоқ. Қазір бұл жерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үй иесінің айтуынша, келесі аптаның соңына қарай қоныс тойы тойланады.

ТАМАРА БАТАЛОВА, қала тұрғыны:

– Біз осы пәтерді таңдадық. Қала басшылығына алғысымыз шексіз. Әрине, баспанаға жөндеу керек болды. Бәрі уақытымен шешімін табуда. Төбесі жасалды, линолеум төселді, тұсқағаздар жапсырылды. Енді азды-көпты шаруа қалды. Саябақ дәл жанымызда. Қызым мен жиенім алаңсыз қыдыратын болады. Өте қуаныштымыз.

Қоса кету керек, бүгінгі күнге дейін қалалық әкімдік тасқыннан зардап шеккен жандарға 140 пәтер сатып алған.

 

Байболат Құлтанов