Sailau banner

Қоғам

Оқушылар сарайында түзету-дамыту орталығы ашылды

Өкінішке қарай, елімізде дамуында кемістігі бар балалар саны артып келеді. Олар тиісті ем-дом алу үшін ауруханалардың немесе оңалту мекемелерінің табалдырығын жылдап тоздырады. Енді бұл мәселенің шешілуіне қаламыздағы “Оқушылар сарайы” да септігін тигізбек. Бүгін мұнда “Өркен” түзету-дамыту орталығы ашылды.

АЙГҮЛ ӘЛІБЕКОВА, “Өркен” түзету-дамыту орталығының жетекшісі:

– Қазіргі таңда жұмысбасты ата-аналар балаларына уақыт бөле алмай жатады. Соның салдарынан ұл-қыздар назарсыз қалады. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жеткіншектермен жұмыс істейміз. Берген біліміміз болашақта мектеп қабырғасында өз септігін тигізеді деп ойлаймын.

Игі бастаманы іске асырған “Leader” білім беру орталығы болып саналады. Жаңа ұжымның негізі мақсаты – оқу, сөйлеу қиындықтарына тап болған балалардың дамуына ықпал ету, ой-өрісті арттыру. Бұл жерге 3 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер келе алады.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, қоғам белсендісі:

– Қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі – инклюзивті білім беру. Менің ойымша, әр баланың ашылмаған қасиеті болады. Өмірге келген бала жастайынан осы сияқты мекемелерге келіп, ой-өрісін дамытса, одан болашақта үлкен маман шығады.

Балаларды түзету жұмыстарымен дефектолог, логопед, психолог сынды мамандар айналысады. Самал Кенжетаева осындай орталықтың өзі тұрып жатқан ауданда ашылғанына дән риза. Бұған дейін азаматша біраз қиналыпты. Ол баласын шаһардың шеткі аумақтарына, тіпті өзге қалаларға да апарып жүрген екен.

САМАЛ КЕНЖЕТАЕВА, қала тұрғыны:

– Менің балама – 2 жас 3 ай. Бізге керекті орталықты көп іздедім. Қаншама жерге бардым, бірақ көмектесе алмады. Мұндағы ұжымның арқасында балам сөйлеп, өзіне қажет нәрселерді бойына сіңіре алады деп ойлаймын.

Орталық 3 бөлмеден тұрады. Бүгіннен бастап 50 жеткіншекті қабылдай алады.