Sailau banner

Қоғам

Тұрғындар зардап шеккен баспанаға кім жөндеу жүргізетінін таңдауда

Қызылжар ауданында тасқыннан зақым келген үйлерді бағалау жұмысы жуырда аяқталды. Нәтижесін арнайы комиссия мүшелері жария етті. Бірі шешіммен бірден келіссе, енді бірінің көңілінен шыққан жоқ. Үйге төленетін қаржы көлемі әр түрлі, ол баспананың жағдайына, оны жөндеуге кететін шығынға байланысты.
Прибрежное ауылының тұрғыны Нурия Васильеваның үйін мамандар 7,5 млн теңгеге бағалаған. Нәзікжанды бағалау жұмысының нәтижесімен келісіп отыр. Баспанамызды өзіміз жөндейміз дейді.

НУРИЯ ВАСИЛЬЕВА, Прибрежное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Күйеуім өзі құрылысшы, жөндеу жұмысының жай-жапсарын жақсы біледі. Сол себепті, үйімізді берліген ақшаға өзіміз қалыпқа келтіреміз деп шештік. Комиссия мүшелері жариялаған сома көңілімізден шықты. Енді жиһаздарды бағалау жұмысының нәтижесін күтіп отырмыз.

Қызылжар ауданында биыл 1500-ден астам үйді су басқан болатын. Оның 300-ден астамы апаттық күйде деп танылып отыр. Зардап шеккен тұрғындардың барлығын қабылдау үшін комиссия мүшелері күні-түні жұмыс істеуде. Тіпті демалыс күндері де қабылдамақ.

ҚУАНДЫҚ ШӘКУБАЕВ, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Бір адамдға 50 минуттай уақыт кетеді. Бір күнде 50 адамды қабылдаймыз, кейбір кезде 100-ге дейін барамыз. Олар құжаттарын алып, келіскенше уақыт кетеді. Сұрақтарына жауап береміз.

Кейін келісілген жобалық-сметалық құжаттама “Қызылжар асар” қорына жолданады. Үйді қалыпқа келтіруге арналған қаражат осы қордан бөлінеді.

 

Гүлден Сембаева