Sailau banner

Қоғам

Теріскейлік 20 жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды

Жолың болсын, жас сарбаз! Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті алдында 20 сарбазды әскер қатарына салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Шара әскери академияның үрлемелі оркестрі орындаған рух көтерер әуенмен бастауын алды.
Жиынға департамент қызметкерлері, әскерге шақырушылардың ата-аналары қатысты. Мақсат Әлімжан – қала тұрғыны. Ол өз міндетін азаматтық қорғаныс саласында өтейді.

МАҚСАТ ӘЛІМЖАН, әскерге шақырылушы:

– Отан алдындағы борышты өтеу – әр ер азаматтың парызы деп білем. Өз міндетімді Қарағанды қаласында өтейтін болатын. Мен Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжін төтенше жағдай қызметі мамандығы бойынша тәмәмдадым. Енді осы оқыған білімімді әскер қатарында көрсеткім келеді. Барлық жастарды әскерге баруға шақырамын.

Отан алдындағы борышын өтеу – әр ер азаматтын парызы болып саналады. Биыл
өңір бойынша көктемгі әскерге шақыру науқанында 500 жас сарбазды жіберу міндеті қойылған болатын. Сол тапсырма толығымен орындалған.

АЙМАН ӘБЖАППАРОВА, СҚО қорғаныс істер жөніндегі департаменті басқармасының басшысы:

– Күні кеше ғана біз жастармен сөйлескен болатынбыз. Сол кезде әскерге өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде бара жатыр ма соны сұрадық. Барлығының айтуынша, өздерінің шын ниеттерімен бара жатыр.

Тепсе темір үзетін жігіттер өз борышын Алматы және Қарағанды облысындағы төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерінде өтейді. Сонау оңтүстік астанадан біздің сарбаздарды алып кетуге келген бөлім батальонының командирі Жасұлан Хамитов жас Отан қорғаушылар бір жылдың ішінде біраз білім алады дейді.

ЖАСҰЛАН ХАМИТОВ, ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінің батальон командирі, Алматы облысы:

– Әскери бөліміме сіздерден 10 сарбазды алдық. 1 жылда олардан мықты маман шығарамыз. Сондықтан, еш уайымдамаңыздар. Біздің үйретуіміздің арқасында алдағы таңда төтенше жағдай қызметінің үлгі тұтатын жауынгері болады дегенге сенімім мол.

Өңірімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны маусым айының соңында аяқталады.