Sailau banner

Қоғам

Құрылыс барысы – қоғам қадағалауында

“Солнечный-2” шағын ауданында бой көтеріп жатқан үйлердің 50-і ертең қолданысқа беріледі деп күтілуде. Демек, 50 жанұя қоныстойын тойлайды. Үйлерге бас сұғып көрдік, іші кең, жарық әрі жайлы екен. Суы да бар. Әр баспана әдемі қоршаумен қоршалған. Мұнда көшіп келген адамға жиһазын жайғастыру ғана қалған. Берекелі баспанаға үміттілердің бірі – зейнеткер Ирина Дзевульская. Оның Ойқаладағы үйі жөндеуге келмейді. Қазір жолдасы екеуі пәтер жалдап тұрып жатыр.

ИРИНА ДЗЕВУЛЬСКАЯ, қала тұрғыны:

– Біз Ойқаладағы үйге тасқын алдында ғана жөндеу жүргізген болатынбыз. Бәрін қызыл су құртқанда қатты күйзеліске түстім. Үш күн бойы сөйлеуден қалдым. Су кетіп, үйге бағалау жұмысы жүргізілді. Сол жерде тұра берер едік, бағалаушы баспана жөндеуге жарамайды деді. Енді осы ауданнан үй алмақ ойымыз бар.

Қос зейнеткер жаңа ауданға келіп, аяқталуына шамалы қалған үйлерді аралап, қарап тұрады. Ерлі-зайыптының үйлердің сапасына деген шағымдары жоқ.

ИРИНА ДЗЕВУЛЬСКАЯ, қала тұрғыны:

– Біз үй салып жатқан жұмысшылармен де сөйлестік. Олар өз істерін тыңғылықты атқаруда. Іске жауапкершілікпен қарайды. Оны сырттай да байқауға болады. Бұл жерде тынбай еңбек етіп, бізге қолдау білдіріп жатқан әрбір жанға айтар алғысым шексіз.

“Солнечный-2” шағын ауданында қазір барлығы – 700 үй салынып жатыр. Осыдан бірнеше күн бұрын балабақшаның құрылысы басталды. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін мұнда таяу арада азық-түлік дүкендері де бой көтереді.

 

Ақжүніс Мұқатай