Sailau banner

Қоғам

“Солнечный-2” ықшам ауданында балабақша құрылысы басталды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Құрылысы қызу жүргізіліп жатқан “Солнечный-2” ықшам ауданына әлеуметтік маңызы бар нысандар аса қажет. Балабақша, мектеп. Міне, соның бірі шешімін тапты деуге болады. Сағат сайын өзгеріп жатқан ықшам ауданда балабақшаның құрылысы басталды. Ол қыркүйекте тапсырылады. Болашақта 90 бала баратын болады.

Әзірге, жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маңызды іске жергілікті «Мирас Group» серіктестігі жауапты. Құрылыс алаңында саусақпен санарлық адам жүр. Жақын арада негізгі кезең басталады. Сонда мамандардың да, техниканың да саны еселеп артпақ.

МАЙГҮЛ ЕЛЕМЕСОВА, СҚО құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:

– Инвесторлардан 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жалпы, үйлердің және балабақшаның құрылысы 23 мердігер жауапты. Олардың 21-і – жергілікті.

Үйлердің құрылысы жайлы да айтуымыз керек. Бүгінде ықшам ауданда жалпы саны 500 баспана салынып жатыр. Жақын арада бұл көрсеткіш өзгереді. Демек, қоныс тойын тойлайтын адамдардың да қатары қалыңдайды.

МАЙГҮЛ ЕЛЕМЕСОВА, СҚО құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:

– Сонымен қатар, жақын арада тағы 200 үйдің құрылысы басталады. 100 үйге “Каспий” компаниясы ақша бөлсе, 20 үйге «YDA Holding» компаниясы қаржы бағыттайды. Ал қалған 80 үйге тағы бір жеке инвестор қаражат аудармақшы.

“Солнечный-2” ықшам ауданының келесі бөлігінде де маңызды іс қызу жүргізіліп жатыр. Мұндағы көрініс көңілге жылу ұялатады. Қаз-қатар тізілген үйлер еңселі, сәнді. Аумақта абаттандыру жұмыстары да қарқын алған. Бұл жерде сәуірдің соңында басталған 100 баспананың құрылысы аяқталып қалды. Сәтті саналатын сәрсенбі күні алғашқы 50 үй тасқыннан зардап шеккен жандарға беріледі.

 

Байболат Құлтанов