Балалар

Балаларды қорғау күні басты алаңда атап өтілді

Басты алаңға жиналған көпшіліктің қарасы қалың. Бақытты балалар мен ата-аналар мерекелік күнді тойлап мәре-сәре. Қала тұрғындары мен қонақтарға арналып концерттік шара ұйымдастырылды. Әмина Сейтжан жаңа ғана сахнада тобымен бірге ән шырқап шықты.

ӘМИНА СЕЙТЖАН, «Айналайын» ән тобының мүшесі:

– Біз “Бірлігіміз жарасқан” және “Жауқазын” деген әндерді айттық. Бізге өнер көрсеткеніміз ұнады.

Киіз үйдің ішінде балалардың назарына кітап көрмесі ұсынылды.

ҚАЙЫРЖАН МӘЛІКОВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың бөлім басшысы:

– Сонымен қатар, бұл жерде балалар роботтар жасай алады. Үстел ойындары мен көзілдірік киіп әртүрлі әлемге ене алатын 3Д ойыны бар.

Ұл-қыздар бүгін ақхалатты абзал жандардың рөлінде болды.

Олар манекендерге екпе қойып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп үйренді.

ДӘРИЯ ҚАРАБАЙ, Солтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжінің оқытушысы:

– Қонақтардың, қала тұрғындарының қысымын, дене қызуын өлшеп берудеміз. Көк тамырдан қан алып, салуды көрсеттік.

ЫРЫСБЕК РЫСКЕЛДІ:

– Дәрігерлер адамға ауа жетпеген кезде қалай дем алдыру қажеттігін көрсетті. Бұның бәрін жылдам әрі дұрыс орындау керек.

Мына ойын “Туристской тропой” деп аталады. Мұнда балалар орман ішінде орналасқан неше түрлі кедергіден өтулері керек.

ВИКТОРИЯ ЛИВЕНЦОВА, жарысқа қатысушы:

– Төрешілердің айтуынша кедергілерден 6 минут 29 секундтың ішінде өтіппіз. Қазір енді қалай бағалайтынын білмеймін. Барлығын дұрыс істеген сияқтымыз. Негізі, қиын болған жоқ. Осы сәтті пайдалана отырып, барлық баланы мерекемен құттықтаймын.

Концерттік шара одан әрмен каратешілердің өнер көрсетуімен жалғасын тапты.

ЕРАСЫЛ СӘБИТ, жас спортшы:

– Маған көрсеткен өнеріміз ұнады. Өзіме ризамын. Бірінші рет осындай халықтың алдына шықтым.

Бұдан кейін ерекше стильде киінген бишілер сахнаға шығып, мың бұрала биледі. “Томирис” сән театрының қыздары түрлі матадан тіккен киім үлгілерін көрсетті. Арасында кілем қиындылары да бар.

ДАРЬЯ АСТАНИНА, “Томирис” сән театрының мүшесі:

– Бұл киім топтамасын “Бірлік” деп атар едім. Өйткені, образдарда әр ұлттың нышаны бар. Бұл – ұжымның жетекшісінің идеясы. Өте жарқын шықты. Түс алуандығымен көздің жауын алады.

Мұндағы әр бүлдіршіннің жүзінде тек күлкі мен қуаныш. Барлығы ары қарай мәз-мейрам болып концертті тамашалады.

 

Мәдина Қаби