Sailau banner

СпортҚоғам

Аудан келбеті көркеюде

Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылында абаттандыру жұмысы қызу жүріп жатыр. Елді мекен көшелеріне жыл соңына дейін жол төселіп, ортада саябақ салынбақ. 4 көше қалыпқа келтірілген, қазір 5-шісіне орташа жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жоба құны – 200 млн теңге. Аудан орталығы ғана емес, жан-жақтағы ауылдар да назарсыз қалмаған. Биыл тәуелсіздік жылдарынан бері жөнделмеген жолдар
оңдалуда.

БОЛАТ БЕЙСЕНБАЕВ, Жамбыл аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Республикалық маңызы бар жолдан 12 шақырым Пресноредуть ауылына жол төселмек. Аудан орталығынан Железное елді мекеніне дейін 18 шақырымға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Болашақта Қайранкөлдегі облыстық маңызы бар жолды жөндемекпіз.

Тағы бір айта кететін жәйт, аудан орталығында аумағы 2 гектарды құрайтын саябақ салынуда.

ҚАЙРАТ САНСЫЗБАЕВ, Пресновка ауылдық округінің әкімі, Жамбыл ауданы:

– Саябақ құрылысына облыстық бюджеттен 275 млн теңгеге жуық қаржы бағытталып отыр. Мердігерлік ұйым жұмысына мамыр айында кірісті. Биыл жоспардың 70 пайызын орындайды. Құрылысы келесі жылы күзде аяқталады. Бұндай саябақ біздің ауданымызда бұрын-соңды болмаған. Салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға барлық жағдай жасалады. Түрлі ағаштар егіліп, балалар ойнайтын алаңдар жасалады.

Пресновка ауылында биыл үлкен спорт кешені салынған. Хоккей кортының құрылысы аяқталуға жақын. Ауылдарының осылай дамып, көркейіп жатқанына тұрғындар дән риза.

ГҮЛБАРШЫН РӘЗИЕВА, ауыл тұрғыны:

– Ауылымыздың осылай көркейіп, абаттандырылып жатқанына қуаныштымын. Көріп тұрғандарыңыздай, саябақ салынуда. Осы жерде балаларымыз, немерелеріміз емін-еркін ойнай алады. Барлық жағдай жасалған.

Елді мекенде тазалық жұмыстары апта сайын жүргізіледі. “Таза Қазақстан” акциясы аясында аудан орталығынан мың жарым тонна қоқыс шығарылған.