Білім

Үздік білім беру ұйымы анықталады

Мектептегі қауіпсіздік, жетістіктері және соңғы 3 жылда мектепте болған өзгеріс. Бүгін Оқушылар сарайында «Үздік орта білім беру ұйымы» байқауының облыстық кезеңі өтіп жатыр. Білім ұясының басшылары қазылар алқасына кезекпен келіп, 10 минуттың ішінде бүкіл мектептің тыныс-тіршілігін баяндауы қажет.
Айдар Сұрағанов – Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің директоры.
Мектеп басшылығына келгеніне – небәрі бір жарым жыл. Дегенмен, 18 айдың ішінде біраз істің басын қайырған.

АЙДАР СҰРАҒАНОВ, А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің директоры, Есіл ауданы:

– Менің мектебімде 55 мұғалім, 387 оқушы бар. Қазіргі таңда 1 жарым жылдың ішінде өте көп өзгеріс болды. Мәселен, ағымдық жөндеу. Біздің мектепке «Қазақстан халқы» қорының атынан 250 млн теңге сомасында ақша бөлінді. Мектебімізде техникалық база 100 пайызға толықтырылды.

Байқаудың аудандық және қалалық кезеңіне 46 мектеп қатысып, облыстық деңгейге 11-і жолдама алып отыр. 11-інің директорлары мен олардың орынбасарлары
сыртта құжат-қағаздарын қайта-қайта қарастырып, сөйлейтін сөздерін пысықтап жатыр. Бақ шаба ма, бап шаба ма – мұнда тәжірибесі таудай басшылар да, қызметіне бертін кіріскен мамандар да бар. Жеңімпазға облыс әкімінің Құрмет дипломы мен төменгі жалақының 800 еселенген мөлшеріндегі грант сертификаты табыс етіледі.

АЙГҮЛ МҰХАМЕТҒАЛИЕВА, СҚО білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары:

– Өткен жылы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты жеңімпаз атанды. Олар 68 млн теңге алған болатын. Кейін мектеп басшылар білім ұясына не керек соны алды.

Жалпы, облыста 540-тан астам білім ұясы болса, оның 37-сі қалада орналасқан.

 

Гүлден Сембаева