ТЖ

Тілсіз жаудың алдын алу шарасы

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ:

– Облыс аумағында әлі тамақ құрғайтындай ыстық болған жоқ. Тиісінше, шөп, ағаш іші кеуіп үлгермеді. Дегенмен, от бас көтерсе, біраз жерді шарпитыны анық. Қазіргі кезде далада, орманда өрт қауіпсіздігі жайлы ұмытпауымыз қажет.

Апат айтып келмейді. Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылы аумағында тілсіз жау кезінде түрлі құрылымдардың дайындығын пысықтау мақсатында командалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Жиынға өрт сөндіру бөлімшелерінің күштері, орман шаруашылығы қызметкерлері, медицина, полиция және тағы басқа жергілікті атқарушы органдардың мамандары жұмылдырылды. Барлығы – басқосуға 100-ге жуық қызметкер мен 50-ге жуық техника қатыстырылды. Осы ретте аудан әкімі Азамат Бектасов ауданда өрттің алдын алу шараларына тоқталды.

АЗАМАТ БЕКТАСОВ, Жамбыл ауданының әкімі:

– Біздің ауданда 2 орман шаруашылығы бар, олар Благовещенкада және Пресновкада орналасқан. Былтырғы жылы 3 үлкен өрт фактісі тіркелген. Біреуінің себепшісін тауып, әкімшілік жазаға тарттық. Өртке қарсы елді мекендерде және жол жиектерінде жер жыртылып, қураған шөпті шауып жатырмыз.

Іс-шараға облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов арнайы келіп, жамбылдық төтеншеліктердің дайындығын тексерді. Себебі, былтырғы статистика бойынша облыста 14 орман өрті фактісі тіркелсе, оның 50 пайызға жуығы осы аталған аумақта болған. Атқамінер әр ұйым өкілдерімен кездесіп, олардан өрт болған кезде ең бірінші қандай іс-әрекетке баратындарын сұрады. Қателіктерін көріп, ескерту жасады.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Осы сияқты оқу-жаттығу жиыны барлық ауданда өтіп жатыр. Күні кеше ғана Айыртау ауданына барған болатынбыз. Былтыр тілсіз жау өңірде 58 гектар жерді шарпып, 3 млн 295 мың теңге шығын келтірді. Мобильдік топтармен бірлесіп 500 рейдтік шара жүргізілді. Барлық орман шаруашылығында техника жеткілікті.

Іс-шара барысында өрт пайда болған аумақты қарау, зардап шеккен жандарды құтқару, төтеншеліктердің өрт сөндіруі, жергілікті атқару органдарының өзара әрекеті, Пресновка ауылының тұрғындарын эвакуациялау, шатырлы қалашық құрып, медициналық және психологиялық жәрдем көрсету, азық-түлікпен қамтамасыз ету сынды іс-әрекеттер көрсетілді.

СЕЙІТЖАН КҮРЛЕУІТОВ, Пресновка орман шаруашылығының директоры, Жамбыл ауданы:

– Осындай шаралардың жиі өтуі біз үшін маңызды. Осы арқылы өрт бола қалған кезде барлығына дайын боламыз. Біздің мекемеде 80-ге жуық адам жұмыс істейді.

Өңірде барлығы – 12 орман шаруашылығы бар. Биыл әзірге орман өрті тіркелген жоқ.