Петропавлда “Таза Қазақстан” акциясы әлі де жалғасуда. Бүгін 150-ге жуық студент бас қосып, Пестрое көлінің жағалауы мен саябағын күл-қоқыстан тазартты. Тасқыннан кейінгі көрініс көңіл құлазытады. Жер-жерде қалдықтар жатыр. Қолдарына бір-бір қаптан ұстаған жастар барлығын жинауға кірісті. Олардың қатарында студент Азамат Әнаш та бар. Ол мұндай науқанға бірінші рет қатысып отыр екен. Алдағы уақытта игі бастаманы дәстүрге айналдырмақ ниетте.
АЗАМАТ ӘНАШ, студент:
– Әрбір қазақстандық табиғатты қорғауға өзінің үлесін қосуы керек. Себебі, тазалық адамның өзінен басталады.
Бұл жерде тасқыннан кейінгі қоқыс қана емес, тұрғындар тастап кеткен қалдықтар да жетерлік. Аумақ әжептәуір болғандықтан студенттер 3 топқа бөлініп жұмыс істеді.
ӘДІЛ ЖҰМАБЕКОВ, студент:
– Барлық жерде қоқыс бар. Су тасқыны кезінде жан-жақтан қоқыс келгені көрініп тұр.
ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:
– 7 бірдей колледж студенттерінің басын босып, тазалық жұмыстарын жүргізудеміз.
Жастар аумақты 40 минуттың ішінде жинап шықты. Маңай тазарды. Жағажай қайтадан сырт көзге тартымды болды.
Мәдина Қаби