Айыртау ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі алдымен көктемгі дала жұмыстарының барысын тексеріп, шаруалармен кездесті. Ауданның барлық егіс алқабы 408 мың гектарды құрайды. Биылғы жылы айыртаулық аграрийлер 2,8 млрд теңгеге 71 бірлік ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етілді. 5 мың тоннадан астам тұқым сатып алынған, оның ішінде 4 мың тонна элиталық тұқым әкелінді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Облыс бойынша шамамен 61 пайыз егілді. Аудан бойынша да, облыс бойынша да біздің тауар өндірушілеріміз сортты жаңартумен жақсы айналысуда. Әрине, жұмыстың барлығын агротехникалық мерзімде аяқтау үшін ауа райы ыңғайсыздау болып отыр. Менің білуімше, ең жақсы жерлер Айыртау ауданында орналасқан. Сондықтан, бүгінде бұл жерлерде тиісті жұмыс атқарылуы тиіс. Бүгінгі күні жалғыз мәселе – қаражатты игеру болып тұр. Ақша бөлінді, бірақ игеру әлсіз. Айыртау ауданы бойынша тек 1 млрд теңге игерілді, сома өте аз.
Шаруашылық басшыларымен кездескен соң, аймақ басшысы «Борисфен» ЖШС тауарлы-сүт фермасына бет алды. Ферма 250 бас малға есептелген. Жобаны жүзеге асыруға 1 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылды. Тауарлы-сүт фермасы жылына 2 мың тоннадан астам сүт өндіруге қауқарлы.
ВЯЧЕСЛАВ КИМ, «Борисфен» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:
– Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация есебінен жабдықтар мен асыл тұқымды табын сатып алуға 570 млн-ға субсидия алдық. Малды, Даниядан сатып алдық, әкелдік. Гольштин тұқымды асыл мал. Бізде сүттің орташа мөлшері лактация кезеңіне байланысты 24-тен 34 литрге дейін жүреді. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға тырысудамыз.
Серіктестік қазіргі таңда тағы 410 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын қолға алды. Жоба құны – 1,4 млрд теңге. Ферманың құрылысы жылына тағы 4,2 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік бермек. Бұдан соң Ғауез Нұрмұхамбетов Антоновка ауылындағы таратушы топтары бар жергілікті сумен жабыдықтау көздерінің құрылыс барысымен танысты. Су құбыры желілерінің ұзындығы 38 км-ден астам шақырымды құрайды. Жоба құны – 1,1 млрд теңге. Жұмыстар билығы жылдың сәуірінде бастау алды. Алайда, әзірге аталмыш істің тоқтап тұрғаны жеткізілді.
НҰРСҰЛТАН ИБРАГИМОВ, жоба жетекшісі:
– Скважинаны тартып қойдық, қаздық. 65 метрден 2 скважинадан су таза шықты қазіргі уақытта. Енді водозавод салынады. Негізі, тұрғындар 437 үйге ауыз сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Түрлі себептерге байланысты біздің жұмысымыз әзірге тоқтап тұр. Оны ашығын айтуымыз керек. Бұйырса республикалық бюджеттен бөлінеді деген жоспар бар.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қаражат бөлінуге тиісті. Республика бойынша сондай қиыншылық болып тұр. Бірақ, жұмыстарды тоқтатпау керек. Жұмыстар жүргізілуі керек. Қаражат болады деп ойлаймыз.
Айыртау ауданындағы «Саумалкөл SUT» ЖШС халықты сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда шикі сүттен қаймақ, май, сүзбе өнімдері шығарылады. Серіктестік өз тауарын Алматы, Астана, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай мен Петропавлға жеткізеді.
ЗАРИНА ЖАҚСЫЛЫҚОВА, «Саумалкөл SUT» ЖШС инженер-технологы, Айыртау ауданы:
– Осы 2 жыл ішінде сатылым өте жақсы өсті. Бізде тәулігіне 2 тонна өндірістің рентабельділігі бар, 6 тоннадан артық өнім өңдейміз, кейде ол 10 тоннаға дейін жетеді. Тиісінше, рентабельдік жоғары, сәйкесінше сұраныс бар. Халықтың да біздің өнімдерімізге қызығушылық танытатынын көреміз.
Серіктестік ірішмік өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Жоба 24-25 жылдары іске асырылмақ. Шығарылатын өнім көлемі жылына 450 тоннаны құрайды. Тындырылып жатқан іспен танысқан соң аймақ басшысы Айыртау ауданының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерімен кездесті. Ғауез Нұрмұхамбетов білім ордасына 10 домбыра сыйлады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қазақ халқы өзін домбырамыз елестете алмайтын шығар. Сондықтан, домбыра сіздерге бірнеше жыл бойы қызмет етеді деп ойлаймын. Ал біз сіздерге осындай сыйлықтарды жыл өткен сайын сыйлап жүреміз. Іске сәт! Ал балалар жазғы демалыстарын жақсы өткізсін.
Мекемеде балалар үшін бар жағдай жасалған. Қазіргі таңда нысанда терезе блоктарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Іс маусым айының соңына дейін тындырылады. Оған 151 млн теңгеден астам қаражат құйылды. Бұдан соң облыс әкімі Саумалкөл ауылының кәріздік тазарту құрылыстары мен магистральдық жол өтпелерін қайта жаңарту барысымен танысты. Олардың тозу көрсеткіші 90 пайызға жеткен. Жұмыс жоспарымен танысқан соң «Агро Елецкое» ЖШС көкөніс сақтау ғимаратының құрылысы тексерілді. 5,5 млрд-қа бағаланған жоба 2027 жылы тындырылмақ. Нысанның қуаты – 35 мың тонна. Суару жүйесі де қолға алынбақ. Бұл жұмысты «Eurasian Group» компаниясы іске асыруда.
ДАРХАН ЖАЙШЫҚОВ, «Eurasian Group» компаниясының аймақтық директоры:
– Бұл өте сәтті жоба болады деп үміттенеміз. Басқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін үлгі болады. Осылайша, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға, яғни, агроөнеркәсіптік кешендегі ішкі жалпы өнімді екі есе ұлғайтуға көмектеседі.
Шаруалар өз жұмысында «Stenon» атты экспресс топырақ анализаторын қолданады. Айта кетерлік жайт, аталмыш жабдық еш жерде жоқ. ТМД нарығында стенонды алғаш болып тек Қазақстан пайдалана бастады. Заманауи құрылғы топырақ температурасын, ылғалдылығын, сутегі, азот, фосфор, калий және т.б. негізгі қоректік заттардың бар-жоғын бірнеше минут ішінде көрсетеді. Басқаша айтқанда, жабдық агрохимиялық зертхананың орнын басады. Бұдан бөлек, Айыртаудағы жолдар мәселесі де шет қалған жоқ. Қазріргі таңда 71 шақырымға созылатын «Саумалкөл-Сырымбет-Қарақамыс-Светлое» аудандық маңызы бар жолында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
– 71 шақырымның 21,5 шақырымы аяқталды. Биылғы жылы бюджеттен 1 млрд бөлінді. Бюджетте әлі де қаражат бар. Мердігер ұйыммен биыл қалған 50 шақырымның барлығын аяқтауға шешім қабылданды. Қаражаттың игерілуіне қараймыз, қажет болып жатса, тағы да қосымша қаражат бөлетін боламыз.
Аудандағы тындырылып жатқан іспен танысқан соң аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов айыртаулықтармен кездесу өткізді. Алдымен аудан әкімі Ерболат Бекшенов әлеуметтік-экономикалық даму бойынша есеп берді. Ауданда дамып жатқан туризм саласына тоқталсақ. 2 млрд теңге сомасына 9 демалыс базасын ашу, жаңғырту және кеңейту жоспарлануда. Маңызға ие жол мен су мәселесі де шет қалмайды.
ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, Айыртау ауданының әкімі:
– «Гусаковка» ЖШС күшімен ұзындығы 3,3 км Гусаковка ауылына 100 млн теңгеден астам сомаға ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарының күшімен ауданда ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Лобаново ауылындағы жолдарды орташа жөндеу және Саумалкөл ауылында ағымдағы жөндеу жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде халықты сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылы Айыртау ауылында 603 млн теңгеге таратушы желілері бар жергілікті сумен жабдықтау көзін салу жұмыстары аяқталды. Шалқар ауылында 665 млн теңгеге су құбырының құрылысы аяқталуда.
Бұдан соң Айыртау ауданының тұрғындары түйткілді мәселелерін облыс әкіміне жеткізді.
АНАСТАСИЯ ЕВДОКИМОВА, Елецкое ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:
– Қазір ауылдарда су құбырын өткізу жүріп жатқаны айтылды. Біздің ауыл қазір жақсы дамып, өркендеп келеді. Біздің ауылда су құбырын өткізу мүмкін бе? Жоспарда бар ма?
ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, Айыртау ауданының әкімі:
– Қазір біз жобалық сметалық құжаттаманы дайындап жатырмыз. Ол аяқталу сатысында. Қазір сараптамада. Бізде 17 жоба бар. Су жеткізу 2024-2025 жылдары екі жыл ішінде жоспарланған. Содан кейін ғана жұмысқа кірісе аламыз.
Ал Колесниковка ауылының тұрғыны Жанат Байтокин бірнеше жыл бойы жөндеу көрмеген жол қалыпқа келтірілгені үшін алғысын білдірді.
ЖАНАТ БАЙТОКИН, Колесниковка ауылының тұрғыны, Айыртау ауданы:
– Мынау біздің жол бірнеше жыл жөнделген жоқ. Екі орта – 6 шақырым. Сол жолды біздің ТОО “Елецкое” өз қаражатына, өз техникасымен, камаздарын, тракторлерін, погрузчиктерін ұйымдастырып, жолымызды жөндеп берді. Сол жолға рахметімді айтып жатырмын. Көп-көп рахмет.
Айыртау ауданының тұрғындарымен кездесу өткізген соң облыс әкімі азаматтар үшін жеке қабылдау өткізді.
“Первый Северный” телеарнасы