Оқушылар сарайының қабырғасында ойы озық, білімі жүйрік ұл-қыздар арасында хакатон сайысы бастау алды. Облыстық деңгейдегі жарыс балалар күніне орай ұйымдастырылып отыр. Ереже бойынша жастарға тапсырма беріледі. Бұл жолғы міндет – төтенше жағдай кезінде халықты жедел хабардар ету. Мұнымен аяқталмайды. Бақ сынаушылар тілсіз жау жайлы ақпар беретін ойын құрастырып, ұялы телефонға жүктеу керек. Дәстүрлі шараға Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті Иван Пухов жыл сайын қатысады.
ИВАН ПУХОВ, М. Жұмабаев атындағы Жоғары колледжінің студенті:
– Қатысқан сайын жүлделі орындарға ие боламын. Берілген тапсырма өте қызықты дегім келеді. Ойлау қабілетін жақсартады. Біз әзірлейтін туынды адамдарға зор септігін тигізеді деген ойдамын. Өзім болашақ бағдарламашымын.
Сәлден соң жарыс та басталып кетті. Білгірлер қолдарына ноутбуктарын алып іске көшті. Сайыс 2 күнге созылады. 60 қатысушы немесе 30 команда бақ сынауда.
ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:
– Бұл жерде мектеп оқушылары, студенттер бар. Жас санатына шектеу жоқ. Әрі қарай дамыту жағын қолға аламыз.
Жеңістің биік шыңынан көрінген жеңімпаздарға – 350, 2-ші орынға 150 мың теңге беріледі. Ал үздік үштікті түйіндеген ұжымға 100 мың теңге табыс етіледі.
Гүлден Сембаева