ТКШ

Биыл Петропавлда 7,5 шақырым жылу желісі ауыстырылады

Биыл облыс орталығында жалпы ұзындығы 7,5 шақырым болатын жылу желілері ауыстырылмақ. Бұл туралы қалалық мәслихаттағы «AMANAT» депутаттық фракциясының отырысында айтылды. Сонымен қатар, сорғы жабдықтарын жөндеу, бекіту арматураларын ауыстыру және жылу оқшаулауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазір Промышленная-Жуков көшелері тұсында және 5-ші жылу магистралінде тиісті шара қолға алынған. Нәтижесінде Орман, Борки шағын аудандарындағы нысандар мен әскери академияның жаңа ғимараты жылу жүйесіне қосылады. Бұдан бөлек биыл Петропавлда бірнеше көше жөндеу көреді. Жолдарды қалыпқа келтіру бойынша қала әкімі Серік Мұхамедиев баяндады.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, қала әкімі:

– Өткен жылы ұзындығы 58 шақырым болатын 47 көше жаңартылды. Биыл 53 көшеде орташа жөндеу жүргізіледі. Оның 39-ына ешқашан асфальт төселмеген. Тұрғын үй құрылысына тоқталатын болсақ, өткен жылы 191 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Биыл 26 құрылыс алаңында қызу жұмыс жүріп жатыр. Оның 11 бюджеттік, қалғаны – коммерциялық нысандар.

Халық санының өсуімен баспаналарға деген сұраныс артқан. Жыл соңына дейін қалада барлығы – 207 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй қолданысқа тапсырылады. Бүгінге дейін 21 мың шаршы метрден астамы пайдалануға берілген.

 

Мәдина Қаби