Қоғам

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ақпараттық жүйе әзірленуде

«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтар үшін электронды ақпараттық жүйе әзірленуде. Портал жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуды көздеген адамға тиісті өтінімді үйден шықпай-ақ, қашықтан беруге мүмкіндік туғызбақ. Бастама ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте таныстырылды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаға қатысушыларға жеңілдетілген займ беру үрдісін өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар үйлестіруде. Олардың кеңселері облыс орталықтарында орналасқан. Әзірленіп жатқан портал өтінімді қабылдап қана қоймай оның қарастыру кезеңдерін қашықтан бақылап отыруға мүмкіндік бермек.

ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Бағдарламаға қатысушылар үшін барынша ыңғайлы жағдай жасау маңызды. Ақпараттық жүйенің өзге де қажетті мәліметтер базаларымен интеграциялануын жіті қадағалау керек. Біздің түпкілікті мақсатымыз ауыл тұрғындарының табысын арттыру екенін естен шығармау қажет. Сондықтан, берілетін несиелер ауылдардағы ағайынның тұрақты табысқа қол жеткізуіне ықпал етуі тиіс. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсіп ашқан немесе жұмысқа орналасқандар туралы деректер тиісті базалар арқылы тексеріліп отырады. Сондықтан, аймақтар бағдарламаның нәтижелі жүзеге асуын қатаң бақылауы шарт.

 

Байболат Құлтанов