Спорт

Жастар ұйымдары арасында волейболдан жарыс өтті

Қоғам белсенділері тартысты ойын өткізді. Бүгін мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында 10-шы орта мектептің қабырғасында қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен волейболдан турнир өтті.

Қатысушылар сайыс басталмай тұрып дене қыздырып алды. Қоғамда белсенді жандар бүгін де сол беттерінен тайынбады. Көптеген іс-шараның басы-қасында жүретін Дариға Смаилова да бүгін бой көрсетпек.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы:

– Турнирге қатысып жатқан әр командамен тығыз байланыстамыз. Ортақ жұмыстар жасаймыз. Бәріміз – біздің өңіріміздегі экономикалық және әлеуметтік жағдайды нығайтуға ат салысып жатқан жастармыз. Волейболды мектеп кезінен жақсы ойнаймын. Бүгін қарсыластарымыздың мықты болғанына қарамастан жеңуге тырысамыз.

Сайысқа қатысуға Жамбыл, Мағжан, Мамлют пен Аққайың ауданындағы ұйым өкілдері келіп отыр. Барлығы – 60-тан астам адамнан тұратын 6 команда күш сынасады.

АЙНҰР ІЛИЯС, Жамбыл ауданы жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы:

– Біздің командамыз 6 адамнан тұрады. Мен басты ойыншылардың бірімін деуге болады. Әрине, жеңістен үміттімз. Қарсылас топтарға сәттілік тілеймін.

Сайыс шымылдығын аққайыңдықтар мен Мамлют ауданының жастары ашпақ. Қос команда да жалындап тұр.
Ойын басталды. Алғашқы минут өтер-өтпестен мамлюттіктер қарсылас команданың қақпасынан саңылау тауып үлгерді. 3:0 ұпайымен басып озды. Аққайың ауданының жастары осы кезде іске кірісті. Аз уақыттың ішінде ұпайды теңестіріп үлгерді. Әр команда жеңістен үмітті. Жақсы ойын көрсеткен топ арнайы сыйлықтармен марапатталады. Бұл шара алдағы дәстүрге айналады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жастар ұйымдарының ұйымшылдығын арттыруға ықпал етеді.

 

Ақжүніс Мұқатай