ТЖ

Төтеншеліктердің оқу-жаттығу жиыны

Жастар сарайында дабыл қағылып, тұрғындар дереу сыртқа жүгірді. Нысаннан өрт шықты. Себеп – сахнадағы сымдардың қысқа тұйықталуы.

Беттеріне бетперде, үстеріне арнайы киім киген құтқарушылар кіріп келіп отты ауыздықтауға кірісті. Мамандар уланып қалған жандарды көтеріп сыртқа шығарып жатыр. Нәтижесінде өрт 30 минут ішінде сөндірілді. Бұл – алдын ала әзірленген бағдарлама негізінде жасалған кезекті оқу-жаттығу шарасы.

ШЫҢҒЫС МАХМЕТОВ, қалалық өрт сөндіру қызметі жедел кезекшісінің орынбасары:

– Мұндай үлкен жаттығу кемінде айына бір рет өткізіледі. Оқу-жаттығу біздің жеке құрам үшін дайындықтың ең басты бөлігі болп табылады.

Мекеме ішінде болған 60 адамның 4-еуін құтқаруға тура келді. Қалғаны өздері шықты. Иіс тиген төртеуге сол жерде медициналық көмек көрсетілді. Оқу-жаттығу жиынына 10 техника мен 50-ге жуық маман жұмылдырылды. Бұндай шараның пайдасы мол: мамандар машығын пысықтайды, тұрғындар да білімін арттырады.

БОТАГӨЗ АҚМАҒАМБЕТОВА, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның директоры:

– Әрбір азамат өрт орын алған кезде өзін қалай ұстау қажет екенін білу керек. Біздің нысанның қызметшілеріне айтылып отырады. Олар жақсы біледі.

БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі ән бөлімінің жетекшісі:

– Әрине, бұндай кезде не істеу керектігін білеміз. Қосалқы есіктерден жүгіріп, абдырап тұрып қалған адамдарға көмектесу қажет.

Нысанда төтенше жағдай орын алған кезде шығатын 9 қосалқы есік бар. Жалпы, қалада биыл 10-ға жуық оқу-жаттығу жиыны өткізілді.

 

Гүлден Сембаева