Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да тасқыннан зардап шеккен 1720 үй тұруға жарамсыз

Солтүстік Қазақстан облысында тасқын салдарымен күрес жалғасуда. Петропавлдың Ойқала, Былғары зауыты, Заречное ықшам аудандарында және Қызылжар ауданындағы Тепличное мен Прибрежное ауылында атқарылып жатқан іспен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы барып танысты. Танысу барысында аумақтарға бекітілген аудан әкімдері орынбасарларының есебін тыңдады. Тұрғындармен де тілдесті. Халық оң өзгеріске ризашылықтарын білдіруде.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Табиғи апат кезінде өңірге Мемлекет басшысы келіп, солтүстікқазақстандықтармен кездесті. Сонда бірде-бір адам қолдаусыз қалмайтынын айтты. Біз қазір үйлер салудамыз, пәтерлер сатып алудамыз. Жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Мұның барлығы Президент тапсырмасы аясында атқарылуда. Іс суық келгенше аяқталуы тиіс.

Бүгінгі таңда зақымданған тұрғын үйлерді тексерудің алдын ала қорытындылары шығарылды. Ұсынылған дерекке сүйенсек, аймақта 3 898 баспана бүлінген. Оның 1 720-сын қалпына келтіру мүмкін емес. Су кірген нысандардың бірсыпырасы шаһардың Былғары зауыты кентінде орналасқан. Қазір мұнда есілдік, шалақындық және жамбылдық жігіттер бел жазбай тер төгуде.

Ал Зеречныйға бекітілген ауданның бірі – Ақжар. Алыстан ат терлетіп келген азаматтар ниет танытқан тұрғындардың үйлерін жөндеуде. Жақын арада жарамсыз баспаналарды сүруге кіріспек.

БӨГЕНБАЙ ЖҰРЫНТАЕВ, Ақжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Облыста 2 178 үй жөндеуге келеді. Соның ішіндегі 270 баспана иесі механикалық бригадалардың қызметіне таңдау жасапты. Тізім толығуы мүмкін. Ал қазіргі таңда қайта қалыпқа келтіріліп жатқан үйлердің саны 136-ны құрайды.

Тұрғындар өздері де жөндеу жасай алады. Мұндай жағдайда әкімдіктен төлем жасалады. Ал апатты деп танылған тұрғындар үшін Солнечный-2 шағын ауданында 520 үй салынуда. Барлығы – 700 баспана тұрғызылады. Екінші нарықтан пәтерлер де сатылып алынуда. Бүгінгі таңда 87 пәтер алынған.

 

Байболат Құлтанов