Спорт

Шахматтан облыстық турнир өтті

Петропавлда шахматтан оқушылар арасында облыстық турнир өтіп жатыр. Интеллектуалды сайысқа 8 бен 16 жас аралығындағы 100-ге жуық жас қатысуда. Ақыл-ой жарысын өткізудегі басты мақсат – өрендердің білім көкжиегін кеңейту.

САЛТАНАТ МҰҚАНОВ, жарыстың бас төрешісі:

– Жарыс швейцарлық жүйе бойынша өтіп жатыр. Аталған турнир командалық болып саналады. Қатысушыларды жас ерекшелігі бойынша 3 топқа бөлдік. Әр топта 4 баладан. Аталған турнир осымен 8-ші жыл өткізілуде. Өңірде шахмат ойыны қарқынды дамып келеді.

Облыстық сайысқа өңіріміздің 8 ауданы мен қала мектептерінің оқушылары қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шахмат – балаларды әлеуметтік желіден арылтудың тиімді әдісі.

ЖАСҰЛАН ӘЛЖАНОВ, А.Шәжімбаев атындағы №3 орта мектебінің мұғалімі, Есіл ауданы:

– Біздің мектеп сайысқа толық құрамда келіп отыр. Жоғары сынып оқушыларынан үлкен үміт күтемін. Жарыстың әділ өтетініне күмәнім жоқ. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін.

Әсет Таласбектің ақыл-ой спортымен айналысқанына 4 жыл уақыт болыпты. Бірінші кездесуде уәлихановтық баланы жеңді. Тәлім алушының айтуынша, аядай ғана мектепте құрылған үйірмеде өзі сияқты 20-ға жуық ұл-қыз шахматтың қыр-сырын меңгереді. Ұстазы – Мейрам Төлегенұлы.

ӘСЕТ ТАЛАСБЕК, жарысқа қатысушы, Айыртау ауданы:

– Айыртау ауданы Бірлестік ауылынан келіп отырмын. Болашақта шахматтан түрлі жарыстарда чемпион болғым келеді. Осы деңгейге жеткізген ұстазыма алғысымды білдіремін. Мен аудандық жарыстардың жеңімпазымын. Енді бүгін өткізіліп жатқан облыстық сайыста жеңімпаз атанғым келеді.

Айта кету керек, жарыс жеңімпаздары Астанада өтетін республикалық сайыста өңір намысын қорғайды.