Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылының тұрғыны Мерген Таныбаев “Dostyq mall” орталығына азық-түлік алу үшін келіпті. Ішке кіргенде қаз-қатар тізіліп отырған билік өкілдерін көрген. Сұрастыра келе, “Халық заңгері” акциясы өтіп жатқанын естиді. Осылайша, көкейінде жүрген сұрақты қою жайлы шешімге келеді.
МЕРГЕН ТАНЫБАЕВ, Прибрежное ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Мен – су тасқынынан зардап шеккен адаммын. Заңгерлерді көріп, көкейімде жүрген сұрақты қойдым. Олар маған барынша көмектесті. Жүгінетін адамдардың нөмірлерін берді.
Шара бірнеше сала өкілінің басын қосты. Халықпен тілдескендердің арасында жеке сот орындаушылары да болды.
СЕРІК АҚҰПОВ, жеке сот орындаушысы:
– 10 минуттың ішінде 5 адам жүгінді. Көпшілігін алиментке қатысты мәселе алаңдатады. Кеңес бердім.
Көпшілікке жақсы мәлім, “Халық заңгері” акциясы Петропавлда алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Бұған дейін де бірнеше мәрте ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар сауда-ойын-сауық орталығын бекерден-бекер таңдамайды. Мұнда халықтың қарасы қалың.
АЙДОС ТОҒЫЗБАЕВ, СҚО әділет департаментінің басшысы:
– Аталған акция облыс орталығында ғана емес, өңірдің барлық ауданында өтуде. Тегін көмек көрсетеміз. Кез келген адам келіп, сұрақтарын заң қызметкерлеріне қоя алады.
Айта кету керек, бүгін “Халық заңгері” акциясы бір уақытта Қазақстанның барлық аймағында өтті.