Тасқын кезінде Александр және Галина Осипенколардың үйі су астында қалған. Тұрғандарына 20 жыл уақыт болыпты. Қызыл су үйдің шатырына дейін жеткен. Бағалаушылар келіп, баспана тұруға жарамды екенін айтқан. Бірақ 70-ті алқымдап қалған ерлі-зайыптылар үйді жөндемей, жаңа үй берілсе екен дейді.
ГАЛИНА ОСИПЕНКО, Ойқала ауданының тұрғыны:
– Былтыр ғана үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Қазір үйдің ішіне кіру қорқынышты. Су шайып кеткен. Жинап-тергенімнің барлығынан дерлік айырылдық десем болады. Көмектесіп жатқан мамандарға алғысым шексіз. Келген күннен бастап айналамдағы барлық қоқысты жинап берді.
Бұл – Ольга Зильдің үйі. Баспанада 2001 жылдан бері қызымен бірге тұрады. Нәзікжанды 25 жыл тұрып келген үйінің осы халге түскеніне қапалы. Енді ауқымды жөндеу жұмысын жүргізу керек. Қазіргі таңда Ақмола облысынан келген шеберлер үйдің айналасын жинастыруға көмектесіп жатыр екен.
ОЛЬГА ЗИЛЬ, Ойқала ауданының тұрғыны:
– Су үйдің терезесіне дейін жетті. Баспанам су астында 1 ай тұрды. Ішіндегінің барлығын лақтырып тастадық. Мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Біржолғы төлемді де алдым. Қазіргі таңда пәтер жалдап тұрып жатырмын.
Қазіргі таңда бұл аумақта Ақмола облысынан келген мердігерлік ұйым жұмыс істеуде. Серіктестіктің облыс орталығында жүргендеріне 2 апта болыпты. Өздерімен бірге 100 білікті маман әкелген.
НҰРЛАН ҚАЗБЕКОВ, “СК Монолит” ЖШС маманы, Ақмола облысы:
– Қазіргі таңда үйлердің суын сорып жатырмыз. Жұмысқа кеш кірісуіміздің себебі – бұл жерлерден су әлі дұрыс кетпеген. Ендігі аптадан бастап үй иелерінің рұқсатымен қалыпқа келтіру жұмыстарын бастаймыз. Бізге осы аумақтын 6 көшесі берілген. Барлығы – 45 үйді жөндемекпіз.
Аталған серіктестік Петропавлда жаз бойы қызмет атқармақ.