Денсаулық сақтау

Үкімет ауылдарда медициналық мекемелер салу үшін 40 млрд теңге бөледі

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық мекемелерді салу және жаңғырту үшін Үкімет резервінен 39,9 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ұлттық жоба ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау аясында іске асырылуда. Оның аясында 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) нысандарын салу және орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту көзделген. Жобалар жобалау-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ) әзірлігіне қарай өңірлердің әкімдіктерінен берілген өтінімдерге сәйкес қаржыландырылады. Осыған байланысты Үкімет резервінен 39 млрд 987 млн теңгеден астам қаражат ауылдық елді мекендерде ЖСҚ дайын 297 алғашқы медициналық көмек нысанын салуға бағытталады. Олардың ішінде медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер және дәрігерлік амбулаториялар бар.