Солнечный-2 ықшам ауданының келбеті сағат сайын өзгеріп келе жатыр. Мұнда құрылыс қазандай қайнауда. Осы ауданнан баспаналы болуға ниетті жандардың бірі – Абзал Жармұқанов. Жанұясымен бірге атқарылып жатқан істің барысын қарауға келген. Ер азаматтың айтуынша, бағалаушылар Ойқалада 5 жыл тұрған баспанасын жарамсыз күйде деп таныған. Қазір Жармұқановтар жанұясы уақытша пәтер жалдап тұрып жатыр.
АБЗАЛ ЖАРМҰҚАНОВ, қала тұрғыны:
– Үйлер ұнап жатыр. Әкімдікке алығысымды айтамын. Бұрынғы үйім жөндеуге келмейді. Қолымда мүгедек анам тұрады.
Мұндағы 100 үйдің іргетасы 1 ай бұрын ғана қаланған. Маусымның 5-іне дейін тұрғындарға 50 үй тапсыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2 апта бұрын 100-үйдің құрылысы басталды. Жалпы, 200 баспанаға “Қазақстан халқына қорынан” 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал қалған баспаналарды салуға қаржылай белгілі бір банк көмектеспек. Әзірге, жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр.
ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:
– Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арналып салынып жатқан үй осындай. 3 бөлмелі баспананың жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрайды. Ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, аула абаттандырылып жатыр. Баспананы уақытында тапсыру үшін құрылысшылар екі ауысыммен тынбай еңбек етіп жатыр.
Қолданылып жатқан материалдардың дені – отандық өнім. Жер учаскесінің аумағы – 10 сотық.
МАЙГҮЛ ЕЛЕМЕСОВА, СҚО құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:
– Үйдің маңында отын, қора болады және дуалдармен қоршалады. Жалпы, айта кету қажет, үйлердің сапасы бірдей болады. Мәселен, 200 газаблоктан салынса, қалған 300 үй панельді үй болмаққ. Панельдерді біз Астана қаласынан жеткізіп жатырмыз. Олардың ерекшелігі – жылы болады. Бірақ, газаблоктан салынған үйлердің ешқандай айырмашылығы болмайды. Барлық 500 үйге ұзақ мерзімді жағатын пештер орнатылатын болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда құрылыс алаңындағы қызу жұмысқа мыңға жуық адам мен 50-ге тарта техника жұмылдырылған.
МАЙГҮЛ ЕЛЕМЕСОВА, СҚО құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:
– 300 үй салынып жатқан учаскеде жұмыс енді басталғандықтан ол жерде қазіргі таңда жұмысшылардың саны 200-ге жуықтайды. Сонымен қатар, 11 бірлік техника бар. Жалпы, 500 үйге 23 құрылыс компаниясы жұмылдырылған, оның 21-і жергілікті болса, қалған екеуі басқа өңірлерден келген.
Құрылыс жұмысы толығымен тамыз айында тәмамдалады деп топшыланып отыр.
Гүлден Сембаева