Су тасқынының кесірінен Былғары зауыты кентіндегі үйлердің көбі үйіндіге айналды. Қазір мұндағы 143 үйге Шал ақын ауданының механикаландырылған бригадалары жауапты. Іске 5 бригададан тұратын 40-қа жуық адам білек сыбана кіріскен. Бүгінде жұмыс күші толықтырылып жатыр.
САЯТ ОМАРОВ, Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары:
– Жұмыс барысында 84 үй апаттық жағдайда деп танылды. Қазір мамандар 20 үйге кіріп, бұзу жұмыстарын жасап жатыр. Тағы 950 тонна қоқыс сыртқа шығарылды. Техника саны да ұлғайды. Басында 8 болса, қазір оған су сору құралдары қосылды. Кожевенная көшесі, 1А мекенжайындағы бірінші үйді сүру басталды.
Аталған елді мекендегі 6 баспананың иесі өздігінен жөндеу жұмысын жүргізуге шешім қабылдаған. Одан бөлек мамандар 15 үйді қалпына келтіруді бастап кетті. 3 үй құжаттардың дұрыс болмауына байланысты мәселелі деп танылыпты.
Айта кету керек, кентте бірнеше күннен бері су сору жұмысы жүргізіліп жатыр. Бүгіннің өзінде 15 мың текше метр тіршілік көзі Есіл өзеніне құйылған.
МАРАТ БАҚТЫБАЕВ, СҚО ТЖД №5 өрт бөлімі бастығының орынбасары:
– Жұмысқа 4 СНП-500 техникасы мен 5 мотопомпа жұмылдырылған. Істің басы-қасында 25 адам жүр. Жұмыс әрі қарай жалғасады. Жұмыс күші жеткілікті. Тәулік бойы кезектесе отырып іс атқарудамыз.
Жалпы, Былғары зауыты кентінде бұдан бөлек Есіл мен Жамбыл ауданының бригадалары қарқынды жұмыс істеуде.
Ақжүніс Мұқатай