Өңірімізде ауған соғысы ардагері Александр Азеговты білмейтін жан кемде-кем. Оның осы күнге дейін істеген игі істері қаншама. Бүгін ер азаматты ерен еңбегі үшін “Саланг” әскери-патриоттық клубы қабырғасында Қазақстан Халық партиясының өкілдері марапаттады. Өздерімен ала келген бағалы сыйлықтары да бар екен.
БОЛАТ ҚОЖАХМЕТОВ, қалалық мәслихат депутаты:
– Бұл іс-шараға біз курсанттар мен студенттерді шақырдық. Олар қаламыздың батыр азаматтарының еңбегін білуі тиіс. Біздің партия әрқашан аталған ұйымға көмек көрсетеді. Биылғы жылы экспедицияның бар шығынын өтеп бердік.
“Саланг” әскери-патриоттық клубын ауған соғысына қатысқан жерлестеріміз құрған. Клубтың негізін қалаушылардың бірі – Александр Азегов. Ұйымға 36 жыл жетекшілік етіп келетін ол алғашқыда қиын болғанын айтады.
АЛЕКСАНДР АЗЕГОВ, “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:
– Клубымызға биыл – 36 жыл. Ауған соғысында біздің жауынгерлерге әскери дайындықтың жетіспейтінін көрдік. Сондықтан, балаларды әскер қатарына шақырылғанға дейін арнайы жаттықтыру үшін осындай клуб құруды ұйғардық. Осы күнге дейін біраз қиындықтар болды. Бірақ, біз бәрін жеңіп, қазірде нәтижелі жұмыс істеп жатырмыз.
36 жыл ішінде 2500 мыңға жуық бала әскери-патриоттық клубта жаттыққан. Ал бүгінгі күні қырыққа жуық тәрбиеленуші әскери дайындықтан өтуде. Мұнда олар спортпен айналысып, қоян-қолтық күрес әдістерін және қарудан атуды үйретеді.
ДМИТРИЙ ШУВАКИН, “Саланг” әскери-патриоттық клубының курсанты:
– Бұл жерде мен 2010-шы жылдан бері жаттығамын. Көп нәрсе үйрендім. Әсіресе, әскери дайындығымды шыңдадым. Алған тәжірибемнің әскер қатарына шақырылғанда көмегі зор болды. Енді қазір осы клубта өзім балаларды жаттықтырамын.
Александр Азеговке биыл қаланың “Құрметті азаматы” атағы берілмек.