Қоғам

Мәжіліс депутаты теріскей халқына «арнайы үстемеақы» төлеуді ұсынды

Солтүстік Қазақстанда өмір сүру қымбат, бірақ жалақы аз. Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода теріскей өңірін әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымның жағдайына байланысты өмір сүруге аса тартымды емес деп ашық айтты. Мәжілісменді ауыз су, сапасыз жол мен жалақының аздығы алаңдатып отыр. Депутат осындай мәселелерді алға тарта отырып, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға бірнеше ұсыныс жолдады. Оның ішіне жас мамандарды тарту, газдандыру мәселесін шешу және арнайы үстемақы төлеу кіреді. Ең басты мәселе – халық санының аздығы. Айтуынша, Мемлекет басшысы да солтүстік Қазақстан халқының азаюына алаңдаушылық білдірген.

ДМИТРИЙ КОЛОДА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қазақстанның солтүстік өңірлерінде халықтың табиғи азаюы, көші-қонның теріс нәтижесі бірінші жыл байқалып отырған жоқ. Біз бұл мәселені еліміздің басқа өңірлерінен солтүстікке қоныс аудару бағдарламаларын жүзеге асырумен ғана емес, сондай-ақ, лайықты тіршілік қамтамасыз етіп, жергілікті тұрғындардың туу көрсеткішін ынталандыру арқылы шешуге болады деп санаймыз. Халық санының азаюынан кадр тапшылығы проблемасы да күрделенуде. Қазақстан халқы үшін арнайы “солтүстік үстемеақыны” енгізу солтүстік өңірлердің тартымдылығын арттырады, сондай-ақ, азаматтарға тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы өндірісі, мал шаруашылығы, кәсіпкерлік және басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік береді.

 

Ақжүніс Мұқатай