Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Ғабит Мүсірепов ауданындағы Возвышен ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды. Мамырдың 2-сі күні Қанат Тоқпанов әкімшілік құқық бұзушылыққа барған. Шенеунік ішімдік ішіп, қызметтік көлігін басқарыпты.
АБЗАЛ ОРАЗЫМБЕТОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:
– Тұлға 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, 15 тәулікке әкімшілік қамауда болды. Алынған түсініктемелерге сәйкес, ол 2 мамыр күні түскі 2-лер шамасында “Екатеринбург-Алматы” тас жолының 793 шақырымында жол қозғалысы ережесін бұзған. Нақтырақ айтсақ, бір құты сыра ішіп, қызметтік көлікпен жүрген.
Қанат Тоқпанов мемлекеттік қызмет туралы заңды, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін бұзды. Сөзіне сенсек, ол оқиға орын алатын күні мектеп директорының өтініші бойынша қайың көшеттерін алуға барған. Орманда кідіріп қалыпты. Ыстық ауа райында тамағы кепкен екен. Осы сәтте шөлдеген шенеунікке салқын сыра ұсынылған.
ҚАНАТ ТОҚПАНОВ:
– Мен сыраны ләззат үшін ішкен жоқпын, ыстық болды, шөлдедім. Жұмысым түске таман бітті. Сөйтіп, көлікпен кері қайттым. Жолда патрульдік машина тұрды. Оларға өзім тоқтап, көмек қажет пе екенін білдім. Шынымды айтсам, сыра ішкенімді ұмытып та кетіппін. Көп ұзамай айнадан қызметкерлердің тоқтату әрекетін байқадым. Осы сәтте ғана ішімдік есіме түсті.
Қанат Тоқпанов өз кінәсін мойындады. Шенеуніктің тәжірибесі мол. Ол 2022 жылдың сәуір айында Возвышен ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалған. Ел ішінде құрметке ие болыпты.
ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы:
– Қызметтік тексеріс барысында бізге Возвышен ауылдық округі тұрғындарынан әкімдеріне қатысты жазылған жылы сөздер, өтініштер түсті. Халықтың оған деген көзқарасы оң екенін байқадық. Дегенмен, бұл жерде этикалық нормалар өрескел бұзылды. Жұмыстан шығаруды кім жақтайды? Дауыс беруді ұсынамын.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің біразы Қанат Тоқпановты қызметінен босатуды ұсынды. Айта кету керек, былтыр Ғабит Мүсірепов ауданында осыған ұқсас оқиға болды. Онда да масаң күйдегі ауылдық округ әкімі темір тұлпар тізгінінде ұсталды. Бірақ, жұмыстан қуылмады. Шенеунік қызметке сәйкес еместігі туралы ескертумен шектелді.
Байболат Құлтанов