Ерлердің ерлігі еленді. Қиын жағдайға тап болған жағдайда адам өмірін арашалап қалған 4 тәртіп сақшысының ата-анасына құрмет көрсетілді. Былтыр полиция старшинасы Қанат Балтабаев әріптесі Жәнібек Әнуарбековпен бірге жанып жатқан үйден ерлі-зайыптыны алып шыққан.
БИБІГҮЛ БАЛТАБАЕВА, полиция қызметкерінің анасы, Мамлют ауданының тұрғыны:
– Рахмет сіздерге. Ұжымға да рахмет. Балам Астанаға барып медалін алып келді. Бәріміз соған қуаныштымыз.
Сондай-ақ, жиын барысында өткен жылы күзде әйел адамды Есіл өзеніне батып жатқан жерінен алып шыққан полиция лейтенанты Олег Головиннің анасы да қошеметке бөленді. Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны Орынбасар Күнқаеваның ұлы Өмірсерік Бірім 10 күн бұрын аудан орталығында 85 жастағы зейнеткерді өрт ортасынан құтқарған.
ОРЫНБАСАР КҮНҚАЕВА, полиция қызметкерінің анасы, Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны:
– Мен өте қуаныштымын. Баламның адамдарға осындай жақсылық істегеніне, еңбегіне адал болғанына. Әр уақытта жолда ашық болып, өмірінде тек жақсылық болса екен деп тілеймін. Әрбір ана баласына жақсылық тілейді ғой.
Жиын соңында су тасқыны кезінде белсенді қызмет атқарған полиция департаментінің мамандарына облыс әкімінің алғыс хаты табыс етілді.
Гүлден Сембаева