Балалар

Жазғы мектептер жұмысын бастады

Дәрия Рамазанова 26-шы мектепте оқиды. Бұрымды қыз биыл 7-ші сыныпты аяқтаған. Қазір жазғы мектепке барып жүр. Ол қазақ тілі мен орыс тілі пәндері бойынша білімін арттырмақшы.

ДӘРИЯ РАМАЗАНОВА, №26 орта мектебінің оқушысы:

– Жазғы мектеп маған қатты ұнайды. Өйткені, әртүрлі қызықты тапсырмаларды орындаймыз. Мектепте олимпиадаға, жобаларға дайындаламын.

26-шы орта мектепте 700-ге жуық оқушы бар. Кейбірі барлық сабаққа қатысса, кейбіреуі қиындық тудырған белгілі бір пән бойынша ғана дәріс тыңдап, тапсырма орындайды. Бұл формат ата-аналардың өтініші негізінде жасалып отыр дейді педагогтер.

ГҮЛМИРА АЛИНА, №26 орта мектебі директорының орынбасары:

– Сабақ таңғы 9-да басталады. Сабаққа жалпы 1-ші, 8-ші сыныпқа дейін және 10-шы сынып оқушылары қатысуда. Бастауыш сыныптарда сабақ уақыты 30 минуттан. Ал орта буын және жоғары сыныптарда 40 минутқа дейін созылады. Жазғы мектепте 191 оқушы бар. Оның 91-і – бастауыш сынып. Ал ортаңғы мен жоғары сыныптарда – 100 оқушы.

Облыста 447 мектеп болса, соның 420-дан астамында жазғы білім беру шарасы ұйымдастырылған. Сонда қазір жазғы мектеп жұмысына 4 мың ұстаз бен 23 мың оқушы тартылған. Білім ұялары осы аптаның соңына дейін жұмыс істейді.

ДУМАН ЗАКИРИН, облыстық білім басқармасының әдіскері:

– Ұсынымдардың басты мақсаты – оқу процесінің сапасын көтеру және қыс мезгілінде аязды күндер болды. Көктемгі су тасқыны кезіндегі өңірлердегі сабақтар тоқтатылды. Соған байланысты олқылықтарды жою мақсатында ұйымдастырып отырмыз.

Жазғы мектеп оқу жылы басталар алдында тағы бір рет ұйымдастырылады. Білім беру шарасы тамыздың 26-сы мен 30-ы аралығын қамтиды.

 

Мәдина Қаби