Тасқын кезінде малынан айырылғандарға өтемақы төленіп жатыр. Тиісті үлесін Қызылжар ауданына қарасты Боголюбово ауылының тұрғыны Владимир Бахтов та алды. 25 жыл бойы мал ұстайтын зейнеткердің топан суда 5 қойы кетті. Эвакуациялаған кезде қойлары қашып, қораға тығылған. Куйбышев ауылдық округінде Владимир Бахтов қана малынан айырылған.
ВЛАДИМИР БАХТОВ, Боголюбово ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Су деңгейі түскен кезде ғана қойларымның қырылып қалғанын көрдім. Бір аптадан кейін тиісті өтемақы алдым. 5 қой үшін 280 мың теңге берілді. Өзім екі сиыр мен қос бұзау ұстаймын. Тауықтарым да бар. Қойларымнан басқасы барлығы дер кезінде құтқарылды. Қазір өз үйіме көшіп келдім.
Зейнеткердің бір ай бойы суда тұрған үйі апаттық жағдайда деп танылып отыр. Алайда, қария өз баспанасынан кеткісі жоқ. Жамап-жасқап, жөндеп алуға болады дейді өзі. Айта кетейік, аталған округте тасқында 50-ден астам үйді су басқан. Оның 27-сі Боголюбово ауылында орналасқан.
ЛАРИСА ВИКТОРОВИЧ, Куйбышев ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Арнайы комиссияның шешімімен Боголюбово ауылында 15 үй апаттық деп танылды. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға әзірге 10 үй сатылып алынды. Енді бүгіннен бастап тұрғындар ақырындап көше бермек. Елді мекендегі жеке кәсіпкерлер де қолдарынан келгенше көмек көрсетуде.
Айта кетейік, Куйбышев ауылдық округіне 3 ауыл кіреді. Қазіргі таңда мұнда 600-ден астам үй түтін түтетіп отыр.
Гүлден Сембаева