Қоғам

Суға түсу маусымы жақындап келеді

Әне-міне дегенше биылғы оқу жылы аяқталып, оқушылар жазғы демалыстарына да шықты. Ұл-қыздар алдағы 90 күн бойы тынығатын болады. Балғындар үшін ауқымды жоспар да құрылып қойған. Биыл теріскейлік 68 мың оқушы әртүрлі жазғы демалыс түрлерімен қамтылмақ.

МАФРУЗА НАУАНОВА, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Балалар үшін 204 мектеп және 253 мамандандырылған ойын алаңы жұмыс істейтін болады. 46 мыңнан астам ұл-қыз 27 шатыр мен 7 киіз үй лагерінде демалмақ. Тағы балалардың тұрғылықты жері бойынша бос уақытын өткізуді 30 қосымша білім беру ұйымы мен 25 аудандағы клуб қамтамасыз етеді. Оның ішіне 19 мыңға бала кіреді. Қазіргі уақытта демалыс орындарын дайындау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. 6-шы маусымға қарай барлық лагерь дайын болады.

Қазір балалардың асыр салып ойнайтын шағы. Бірақ, жайдарлы жаздың келуіне санаулы ғана күн қалса да теріскейдегі ауа райы коңыр күздегідей. Жылуды маусым басталған кезде сезуге болады. Бұл айдағы орташа көрсеткіш +20 градус шамасында болмақ. Көпшілік биылғы жаз аптап ыстық болады деп болжаған еді. Қазгидромед өкілдерінің сөзінше олай емес.

НАТАЛЬЯ ЛЕВИНА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директорының орынбасары:

– Маусымда жауатын жауын-шашын мөлшері қалыпты шамада болады. Ай бойына әлсін-әлсін жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Шілдеде орташа айлық ауа температурасы 19-20 градус болады деп күтілуде. Ал жаздың соңғы айындағы ауа температурасы 17-18 градус болады. Бұл екі айда жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады.

Су айдындарына жиналатын кезеңге де көп қалған жоқ. Сәкесінше тілсіз жаудан келетін қауіп те артады. Былтыр 5 ересек және 1 бала судың құрбанына айналыпты. Демалыста қайғылы жайтты болдырмау үшін мамандар қазірден іске кірісіп кеткен.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қазір өңірдегі ауа райы салқын. Қазгидромет өкілінің айтқанындай, маусым айынан бастап күн жыли бастайды. Соған қарай шомылу маусымы да басталады. Осы ретте ересек жандарға өздерінің және балаларының қауіпсіздігіне жіті назар аударуды сұраймыз. Қазір қауіпсіздік ережелерін түсіндіру бойынша шараларды іске асырып жатырмыз. Су тасқынынан зардап шегіп, эвакопункттерге орналасқан балалармен де тілдестік.

Жалпы, суға түсу маусымына байланысты жыл басталғалы 20 мың баланы қамтыған 100-ден астам ашық сабақ өткізілген. 300-дей балаға жүзу үйретіліпті.

 

Ақжүніс Мұқатай