Құқық қорғау органдары

Күзет агенттігінің басшысы алаяқтарға 30 млн теңгеге алданып қалған

Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қашырған алаяқтармен күрес мәселесі қалалық әкімдік қабырғасында қаралды. Облыстық прокуратураның бастамасымен өткізілген жиынға тәртіп сақшылары және банк өкілдері арнайы шақырылған. Күш біріктірмесе болмайды. Алаяқтар айылды тартар емес.

АЗАМАТ ЖҮСІПОВ, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім бастығы:

– Өткен жылы алаяқтық фактілерінің өсімі 23% құрады. Ал интернет-алаяқтық 5,1% артты. Биылғы ахуалды баян етсек, жыл басынан бері 331 заң бұзушылық тіркелді. Нәтижесінде қулар жалпы облысқа 383 млн теңгеге жуық шығын келтірді.

Алаяқтар ешкімді аяп жатқан жоқ. Петропавлда жылы-жылы сөйлеп, жыланды інінен шығарар айлакерлер қалалық әкімдік өкілін де, медицина қызметкерін де, мұғалімді де сан соқтырыпты. Тізім мұнымен аяқталмайды.

АЗАМАТ ЖҮСІПОВ, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім бастығы:

– Қалалық полиция басқармасына алаяқтық жайты бойынша шаһардағы күзет агенттіктерінің бірінің басшысы жүгінді. Қулар оның 30 млн теңгеден астам ақшасын қалтаға басқан. Сонымен қатар, облыстық балалар ауруханасының қызметкерлері 15 млн теңгеден көп қаржыдан айырылған. Ал облыс әкімі аппаратының заңгері болса 1 млн теңгеге жақын қаражаттан қағылған. Тізімде тәрбиешілер мен Ұлттық ұлан академиясының қызметкерлері де барын айта кету керек.

Осыларды ойласақ, “айлакерлер сиқыршы ма?” деген сұрақ та туындайды. Түрлі саланың өкілін алдап соққан алаяқтарды анықтау да қиын. Бұны мінберге шыққан қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев айтты.

МАРАТ ЖҰМАЛИЕВ, Петропавл қалалық ПБ бастығы:

– Облыс орталығында қылмысты ашу көрсеткіші небәрі 7 пайызды құрайды. Осыған байланысты біз күрделі мәселенің алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Елімізде, оның ішінде өңірімізде қолға алынған шараның бірі – «Egov» қосымшасы арқылы 6 айға займ мен шағын несие алудан ерікті түрде бас тарту. Яғни, халыққа осыны түсіндіріп жатқан жайымыз бар. Бүгінгі күнге деген аталған әдіс арқылы 21 мың абонент бұғатталды.

Жиында Марат Жұмалиев жаға ұстатар тағы бір дерекпен бөлісті. Қазір студенттер банктерден бірнеше карта ашып, оны алаяқтардың көмекшілері саналатын дропперлерге сататын болған. Артынша сол алақандай дүниемен заңсыз табыс әрлі-берлі аударылады екен. Шаһардың бас тәртіп сақшысы әдістің кең етек жайып бара жатқанын айтып, қаржы ұйымдарының өкілдерін шешім қабылдауға шақырды.

 

Байболат Құлтанов