Петропавлдың Былғары зауыты ауданында қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына бірнеше аптаның жүзі болды. Бұл жерде Есіл ауданынан келген мамандар тер төгуде. Жүргендеріне 1 айдай болыпты. Жігіттер өздеріне берілген Рыжов, Чайкин және Карьерный көшелерінде зардап шеккен әр адамға көмек көрсетуде.
ЕРЖАН МҰСТАФИН, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:
– 5 бригада болып 8 техника мен 35 адам әкелдік. 2-ші мамырдан бастап іске кірістік. Бізге берілген аумақта 103 үй бар. Оның 66-сы тұруға жарамсыз. Ал қалған үйлердің барлығында қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Бұл – Сергей Ковалевтің баспанасы. Үйді өз қолымен салған. 30 жылдан бері тұрып келеді. Тасқын кезінде қызыл су терезеге дейін жеткен. Қазіргі таңда нысан ішінде қалпына келтіру жұмыстары жүруде.
СЕРГЕЙ КОВАЛЕВ, Былғары зауыты ауданының тұрғыны:
– Мен – өзім құрылысшымын. Сондықтан, барлығын жақсы білемін. Барлық жұмыс менің бақылауым бойынша жүргізіліп жатыр. 10 күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бағалаушылар келіп кетті. Үйім тұруға жарамды. Мемлекет тарапынан 1 млн 800 мың теңге қаражат берілді.
Атқарар шаруа шаш етектен. Есілдік мамандар жаз бойы облыс орталығында қызмет атқармақ.