НҰРАСЫЛ АХМЕТ, тілші:
– МТРК арнасының түсірілім тобы облыс орталығынан ең алыс орналасқан аудан – Уәлихановқа табан тіреді. Көріп тұрғандарыныздай, алқапта егіс жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы орайда назар аударарлық мәселе бар. Бұл төңіректе топырақтың сапасы төмен. Сондықтан, диқандардың саны да аз.
Бұл жердегі тіс қаққан диқандар қиындық атаулыға мойымай, тек өз тәжірибелеріне сүйенеді. Мемлекеттік көмек тағы бар. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жолдыбай Хасенов егіс науқанында ауа райынан басқа ешқандай кедергі жоқ дейді.
ЖОЛДЫБАЙ ХАСЕНОВ, Уәлиханов ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
– Аудан бойынша 188 ауылшаруашылық құрылым бар. ЖШС – 86, қалғандары – шаруа-фермер қожалықтары. Биылғы жылы аймақ бойынша 230,1 гектар жерге дән себілмек. Оның ішінде дәнді және дәнді дақылдар – 160,1 мың гектар, майлы дақылдар 38,4 мың гектар болып табылады.
“Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” шалғайдағы ауданда да танымал. Ұйым тарапынан ағымдағы жылы көмек алған серіктестіктің бірі – “ДН – ТехноСервис”. Аталған агроқұрылым мың гектар жерге дән сіңіргелі отыр. Аумақ сонша үлкен болмаса да алатын өнімі мол.
ИГОРЬ ОЛЬШЕВСКИЙ, “ДН-ТехноСервис” ЖШС агрономы, Уәлиханов ауданы:
– Біз егіс науқанына мамырдың 17-сінде кірістік. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс сәл тоқтап тұр. Былтыр құрғақшылыққа байланысты аз өнім алған болатынбыз. Биыл былтырғыдан екі есе артық өнім алуды жоспарлап отырмыз.
Ағымдағы жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы өңірдегі 130-ға жуық агроқұрылымға көмек көрсетпек. Теріскейлік егіншілерге көктемгі-егіс жұмысы аясында мемлекет тарапынан 15 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Сәйкесінше, диқандар алған ақшаны осы жылдың 1-ші қарашасына дейін қайтаруы тиіс.
ҚАНАТ БЕЙСЕНОВ, “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ СҚО өкілдігінің директоры:
– Біз бидай тұқымының тоннасына 70 мың теңгеден, арпаға – 40, рапс пен зығырға – 90, ал күнбағыс үшін 60 мың теңгеден аударамыз. Форвардтық сатып алу жобасына қатысудың негізгі шарты – агроқұрылымның өсімдік шаруашылығында кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек. Корпорация осы арқылы өңірімізде ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып келеді.
Корпорация биыл ауданда 4 серіктестікке көмек көрсеткен. Төртеуін қоса алғанда 90 млн теңге қаражат алған. Сәйкесінше қарыз күзде 470 тонна астық беру арқылы жабылады. “Агролизинг Қызылту” серіктестігінің басшысы Тәбәрәк Есембаевтың айтуынша, осы бағытта жұмыс істеп жүргеніне 30 жыл болған.
ТӘБӘРӘК ЕСЕМБАЕВ, “Агролизинг Қызылту” ЖШС бас директоры, Уәлиханов ауданы:
– Біз жыл сайымды тұқымды жаңартып отырамыз. Қазіргі таңда протравка жасаудамыз. Техника жетерлік. Екі ауысым бойынша жұмыс жасаймыз. Күніне 500-600 гектар жерге дән сіңіретін жағдайымыз бар.
Серіктестік алқаптарында дәнді, дәндібұршақты және майлы дақылдар өсіріледі. Биыл 1500 гектар жерге егін екпек. Күні бүгінге дейін барлық аумақтың 40 пайызына дән себіліпті. Агроқұрылым польшалық кәсіпкерлермен әріптестік орнатқан.
ТӘБӘРӘК ЕСЕМБАЕВ, “Агролизинг Қызылту” ЖШС бас директоры, Уәлиханов ауданы:
– Алған қаржыға екі түрлі “Элита” тұқымын алдық. Ресейден біршама сапалы дәндер әкелінді. 2 жарым жылда барлығы – 2,5 млн долларға техника сатып алдық.
Айта кету керек, агроқұрылымда барлығы – 50-ге жуық адам еңбек етеді. Диқандар егіс науқанын 15 күн ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.