Қазір әлеуметтік желіге кірсең, жарнамадан көз ашпайсың. Олардың қайсысы шын, қайсысы жалған екенін ажырату оңай емес. Көзге оттай басылатын мына бір жайтты айта кету керек. Қулар мүлікті сату кезінде қымбат заттарды өте төмен бағалайды. Осылайша, сатып алушыларды өзіне тартып, соңында сан соқтырады. Жарнамадан бөлек, айлакерлер тұрғындармен байланысқа да шығады. Әлі күнге ең танымалы – банк қызметкерлерінің атынан қоңырау шалу. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай жағдайда тұтқаны қойып, қаржы ұйымының өзіне хабарласу қажет.
МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:
– Әлеуметтік желідегі жалған жарнамаларға жеткіншектер иланып қалса, ал шалынған қоңырауға егде жастағы жандар сеніп қалады. Алаяқтарға жем болмау үшін бейтаныс нөмірден хабарласқан адаммен ұзақ сөйлеспеу қажет. СМС хабарламалар арқылы жіберілген күмәнді сілтемеге өтпеу керек. Сондай-ақ, банк қызметкерлері адамдарға WhatsAPP мессенджері арқылы хабарласпайды. Ал алаяқтардың көбісі өзге елден болғандықтан, оларды ұстау аса қиынға соғады.
Бір сөзбен айтсақ, айлакерлердің апаны аңқау жандарды тартады. Қозыбаев университетінің психологиялық қызмет жетекшісі Павел Моисеевтің айтуынша, алаяқтардың кейбірі адамдарға психологиялық тұрғыда қысым көрсетсе, кейбірі байсалдылық танытады. Яғни, алдағанда түлкіше құбылады, ал ақшаны алған кезде құзғындай шап береді. Аузы күйген үрлеп ішеді деген бар. Бірақ, кейбір жандар өткен өмірлерінен сабақ алмайтын сияқты.
ПАВЕЛ МОИСЕЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ психологиялық қызметінің жетекшісі:
– Алаяққа бір алданып, артынша тағы қармағына түсе беретін адамдар бар. Бұндай жандарға айтарым, сенімді деген туысыңыз – сіздің ақылшыңыз. Күмәнді жайт туындаса, ақылдасып алған артық етпейді. Айлакерлер кәмелетке толмағандардың да ой-санасын улауда. Олар балаларды тартып, жақындарының банк карталарын, кодтарын сұратады. Осындай жағдай орын алмас үшін ата-ана ұл-қыздарын назарда ұстап, ескерту жасап отыру қажет.
Ресми дерек бойынша былтыр елімізде 6 мыңнан астам адам алаяқтарға жем болған. Банк арқылы 7 жарым млрд теңге несие рәсімдеген. Тәртіп сақшылары тұрғындарға банктердің мобильді қосымшаларындағы интернет-сатып алу лимитін орнатуға кеңес береді. Жеке деректер жоғалған жағдайда картадан ешкім үлкен соманы шешіп ала алмайды екен. Мәселен, E-gov mobile қосымшалары өз атына несиелерді қашықтан рәсімдеуге тыйым салады.
Гүлден Сембаева