Мұса Сұлтановтың жазғы үйі «Звездочка» бау-бақша серіктестігіне қарайды. Осыдан 5 жыл бұрын учаске алыпты. Үйдің салынғанына 40 жылдай болған. Жарты ғасырға жуық тұрған жазғы баспана көктемде суға кетті.
МҰСА СҰЛТАНОВ, қала тұрғыны:
– Көктемде үнемі осында келетінбіз. Жеміс-жидек егіп, отбасымызбен демаламыз. Саяжайда күзге дейін уақыт өткіземіз. Жазғы үй бір ай суда тұрды. 40 жыл бұрын кірпіштен қаланған баспана жарым-жартылай бұзылып қалды. Қалпына келтіру керек, әрине. Бірақ, қанша қаражат кететіні белгісіз.
Қазір саяжай қоғамдастығының аумағы құрғап, жер иелері біртіндеп учаскелерін күл-қоқыстан тазалап жатыр. Жиналған қоқыс көп, оны шығару үшін де біраз күш керек. Осы ретте тұрғындар ортақ ақша шығарып, көлік жалдаған. Оның өзі аз болғандықтан, көмек сұрап қалалық әкімдікке жүгінген.
КОНСТАНТИН СЕРИК, «Звездочка» саяжай қоғамдастығының төрағасы:
– Әкімдік өкілдері бірден келісті, техника берді: 2 жүк тиегіш, 6 самосвал. Қоғамдастықта 350-ге жуық учаскені су басты. Соның 38-інде тұрғындар жыл бойы тұрады, яғни жалғыз баспаналары болып саналады. Саяжайдағы үйлер бойынша осы 40-қа жуығына ғана есептеу жүргізіледі.
Қалаллық әкімдік тасқыннан зардап шеккен саяжай учаскелерін қалыпқа келтіру үшін құрылыс материалдарымен қамтуда да қолдау танытады. Еске сала кетейік, өңірде биыл 3 мыңға жуық жазғы үйді су басқан болатын.
Мәдина Қаби