Ауыл шаруашылығы

Облыс әкімі мен ауыл шаруашылығы министрі М.Жұмабаев ауданына барды

Жұмыс сапары барысында министр мен облыс әкімі «Нурсен Агро» және «Полудинское» ЖШС егістік алқаптарын аралап, ауданның астық өндірушілерімен кездесті. Жиында облыс әкімі егіс жұмыстарын уақытылы аяқтап, ауылдарды әлеуметтік қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Айта кетейік, Қазақстанда биыл 1,5 млн тонна минералды тыңайтқыш қолдану жоспарланса, оның 900 мың тоннасы отандық зауыттардың өнімі болмақ.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Қазір жерге азот жетіспейді. Егер осы уақытқа дейін ауданның өнімділігі 15 центнер болса, ал биыл көрсеткіш төмендеп кетсе, жерді тиімсіз пайдаланған боласыздар. Мемлекет басшысы шаруаларды қолдап жатыр. Сондықтан, жақсы нәтиже күтеді.

Кездесу барысында Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқыны салдарын жоюға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге қомақты қаржы бөлген диқандардың үлесін атап өтті. Айта кетейік, облыста тасқын кезінде 360 кәсіпкер қаржылай көмек көрсетті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Солтүстікқазақстандықтардың атынан кәсіпкерлерге облыс үшін қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын. Әсіресе, Алтынбек Сейпілұлы мен Геннадий Зенченко бірінші күннен бастап-ақ жерлестерін қолдап, қорға қаржы аударды. Сіздер – өз елдеріңіздің патриотысыздар.

Аудандық кәсіпорындар жақсы дамып келеді. М.Жұмабаев ауданындағы «ИП Пальчик» сүт зауытының өнімдері басқа өңірлерде де белгілі. Ал Светлана Карабанова ешкі фермасын ұстайды. Арнайы қондырғыларда ешкі сүтінен йогурт, балмұздақ және ірімшік өнімдерін өндіреді.

 

“Қызылжар” телеарнасы