Мәдениет

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының 137-ші маусымы жабылды

Өткен жұма күні Н.Погодин атындағы орыс драма театрында 137-ші маусымның жабылуы болды. Шығармашылықты сүйетін біраз халық жиналды. Дәстүрлі жиын жыл бойы көрермен үшін тер төккен актерлерді марапаттаумен басталды.

Бірқатар әртіске ҚР халық әртісі Иван Арчибасов атындағы театр сыйлығы табысталды. Арасында 4 жылдық еңбек өтілі бар Иван Минченко да бар. Ол «Үздік ер адам рөлі» номинациясына әбден лайықты беп танылыпты.

ИВАН МИНЧЕНКО, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Мен «Боинг-Боинг» спектаклінде Роберттің рөлін ойнадым. Ол – Бернардтың мектеп кезіндегі досы. Бұл – менің алғашқы өте маңызды рөлім. Осы образ арқылы көп қиындықтан өтіп, өзімді жан-жақты сынадым деуге болады. Тіпті 15 келі салмақ тастадым. Шынымды айтсам, қиын болды. Әріптестерім қолдау білдіріп, барынша көмектесті.

Салтанатты рәсімнен кейін халық асыға күткен қойылымның да кезегі келді. Биыл театр ұжымы жабылу маусымында жұртшылыққа француздық «Боинг-Боинг» комедиясын ұсынды. Айта кету керек, аталмыш қойылым өнерсүйер қауымның жүрегінен орын тауып, ерекше ықыласқа бөленген еді.

ТИМУР КӘРІМЖАНОВ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері:

– Биыл маусымды «Боинг-Боинг» спектаклімен және Иван Петрович Арчибасов атындағы сыйлықпен аяқтаймыз. Бұл сыйлық жас суретшілерге беріледі. Биылғы жыл біз үшін өте ерекше болды. Осы маусымда екі пьеса қойдық: Антон Чеховтың «Шие бағы» және Гиннестің рекордтар кітабына енген Марк Камолеттидің «Боинг-Боинг» туындысы. Тағы жылдың басында режиссерлік зертхана өтіп, Ресейден 3 бірдей режиссер келді. Енді келесі маусымда Анастасия Быцаньның «Кіші театрдың үлкен гастролі» спектаклінің премьерасы күтілуде.

Жалпы, жабылу шарасы 2 сағатқа дейін созылды. Келесі маусым күз мезгілінде ашылып, халыққа таңдаулы туындылар ұсынылатын болады.

 

Ақжүніс Мұқатай