Қоғам

Ғ.Мүсірепов ауданынан келген мехбригада Ойқаладан 400 тонна қоқыс шығарған

Бұл – Нина Баранова баспанасы. Салынғанына 50 жылдан астам уақыт болыпты. Тасқын кезінде қызыл су үйдің терезесіне дейін жеткен. Қазіргі таңда 88-ге келген кейуана немересінің қолында тұрып жатыр. Баласы Евгений Барановтың айтуынша, үй бір ай бойы суда тұрған.

ЕВГЕНИЙ БАРАНОВ, қала тұрғыны:

– Қазіргі таңда мамандармен бірге үйдің ішін кептіріп жатырмыз. Содан кейін барып қана жөндеу жұмыстарына кіріседі. Үйдегінің барлығы су астында қалды. Ғ.Мүсірепов ауданынан келген қызметкерлерге өз алғысымды айтқым келеді. Келген уақыттан бастап көшеміздегі барлық тұрғынға көмек көрсетуде.

Қазіргі уақытта Ойқала кентінде Ғ.Мүсірепов ауданынан келген механикаландырылған бригада жұмыс істеуде. Облыс орталығында жүргендеріне 1 айдай уақыт болыпты. Осы күнге дейін 5 үйді қалпына келтіруге көмектескен. Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Аманжоловтың сөзінше, мамандар Урицкий көшесінен бастап Дубынин көшесіне дейінгі барлық үйді жөндейді екен.

Ерлан Аманжолов, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:

– Өзімізбен бірге 5 бригада болып 8 техника мен 35 маман әкелдік. Бізге берілген аумақтағы барлық үйдің суын сорып, 400 тонна қоқыс шығардық. Апаттан зардап шеккен жандардың үйін жөндеп жатырмыз. Жаз бойы осында жұмыс істейміз.

Айта кету керек, аталған екі көшеде 160-тан астам үй су астында қалған. Оның тек 40-ы ғана тұруға жарамды.