Қоғам

Уәлиханов ауданынан келген мамандар Ойқалада тер төгуде

Ойқала – тасқын кезінде орасан зор залал тиген аумақтардың бірі. Ықшам ауданның жартысынан көбін қызыл су басқан. Қазір бұл жерде облыстың әр ауданынан келген механикаландырылған бригадалар жұмыс істеп жатыр. Соның бірі Уәлиханов ауданынан келіп отыр. Облыс орталығында жүргендеріне 20 күн уақыт болыпты. Осы күнге дейін 134 үйді қалпына келтіруге көмектескен.

Нұрболат Ғаббасов, Уәлиханов ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Барлығы – 400 тонна қоқыс шығардық. Өзімізбен бірге 5 бригада болып 7 техника мен 45 маман әкелдік. Осы күнге дейін 40-қа жуық үйдің суын сордық. Тасқыннан зардап шеккен жандардың үйлерін жөндеп жатырмыз.

Бұл – Алена Бодняның баспанасы. Нәзікжанды 15 жыл бойы осы үйде тұрады. Апат кезінде су шатырға дейін жетіпті. Қазіргі таңда үйін өзі қалыпқа келтіруде. Мемлекет тарапынан да тиісті көмек көрсетіліп жатыр дейді.

АЛЕНА БОДНЯ, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:

– Қызыл су бізге дейін жетеді деп ойламадым. Үйімдегінің барлығы су астында қалды. Уәлиханов ауданынан келген мамандарға өз алғысымды айтқым келеді. Келгелі үйімдегі барлық қоқысты шығаруға көмектесті.

Айта кету керек, шалғайдан келген білікті мамандар Ойқалада 1-ші қыркүйекке дейін қызмет етеді.