Мәдениет

“Демеу жұлдыздары” фестивалі өтті

“Демеу жұлдыздары”. Бүгін қалалық мәдениет үйінің қабырғасында осындай атаумен өңірдегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен түзету мектептері тәрбиеленушілерінің арасында фестиваль ұйымдастырылды. Шығармашылық сайыс “Демеу” орталығының бастамасымен жыл сайын өткізіледі.

НАТАЛЬЯ ДЕМЕНТЬЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бұл сайыстың мақсаты – ерекше балалардың өнерін көрсетіп, дамытып, халыққа көрсету. Бұл жерде мүмкіндегі шектелі балаларды қоғамда әлеуметтендіру мәселесін көтеру деген сөз. Жасыратын ештеңесі жоқ, біздің қоғамда мүгедек жандарға басқаша көзқараспен қарайтын адамдар бар.

Мәдениет үйіне кірген бетте бірден қолөнер көрмесін көруге болады. Арасына Соколов мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Кристина Семко қолынан шыққан бұйымын қосыпты.

КРИСТИНА СЕМКО, Соколов мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:

– Мұндай мандала жасау үшін маған таяқшалар мен түрлі түсті жіптер керек болды. Түсті өз қалауыңыз бойынша таңдауыңызға болады. Оны дөңгелете тоқып, желімдедім. Пішінін де талғамыңызға қарай түрлі үлгіде өзгертуге болады. Сонда осындай ерекше бұйым дайын болып шығады.

Аталмыш фестиваль дәстүрлі шараға айналған. Ән айтып, би билеп тағы басқа өнерлерін паш ету үшін өңіріміздің аудандарынан біраз ұл-қыз келеді.

ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, “Демеу” орталығының директоры:

– “Демеу жұлдыздары” фестивалі 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұрын оған 60-70 адам қатысса, бүгінгі күні оның саны 700-ге дейін артып отыр. Ол әрине, бізді қатты қуантады.

Таңертең басталған байқау бүгін мәресіне жетеді. Қатысушылардың ешқайсысы назарсыз қалмайды. Жеңімпаздарға сыйлықтар табысталып, жүлдегерлер марапатталатын болады.

 

Ақжүніс Мұқатай