Қоғам

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі

Жұмыссыз жүргендерге – зор мүмкіндік. Бүгін Жастар сарайында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Тимур Шаканов заңгерлікке оқыған. Ол алған біліміне сай полиция қатарына қызметке орналаспақшы.

ТИМУР ШАКАНОВ, студент:

– Жұмыс жайында толығырақ білу үшін келдім. Маған мамандар барлығын түсіндіріп берді. Негізі, отбасымда тәртіп сақшысы болып қызмет ететін жандар көп. Мен де шен таққан жақындарымның жолын қуғым келеді. Бір әттегені, менде әскери билет жоқ. Сол үшін 2 айлық курстан өту керек екен.

Өңірдің мамандандырылған күзет қызметі жүйесінде 70-ке жуық бос орын бар. Мамандар осы салаға қатысты жұмыс іздеп жүрген жандарға қойылатын талаптар туралы айтты.

ЖҰБАНЫШ КӨБЕЕВ, СҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасының батальон командирі:

– Талаптарға сәйкес бізге 35-ке дейінгі жастар мен азаматтарды жұмысқа шақырамыз. Біздің қызмет – мемлекеттік мекемелерді күзету. Біз осындай бос орындар жәрмеңкесіне қатысып тұрамыз. Алдыңғы жылғы өткен жәрмеңкеде 5 адамнан артық азаматтар мен азаматшаларды жұмысқа қабылдадық.

Жәрмеңкеде 30-ға жуық ұйым өкілдері жұмысшы іздеді.
Кәсіп көзін қарастырған адам саны мыңнан асты. Оның жартысына жуығы – студенттер.

БОТАКӨЗ ОРАЗБАЕВА, Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары:

– Көбінесе электриктер мен есепші жетіспейді. Бірақ, жұмысқа алушылар адамның тәжірибесіне қарайды. Бұл – негізгі талаптардың бірі. Тәжірибе болмаған жағдайда бірнеше айлық курстардан өте алады. Мұнда қолына таяу арада диплом алатын жастар да жүр. Жұмыс іздеушілер түйіндемелерін қалдырып кете алады.

Ұйымдастырушы мамандар жыл соңына дейін осындай 100-ден астам жәрмеңке ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

 

Мәдина Қаби