Балалар

Болашақ мамандарға арналған таныстыру шарасы

Қазіргі таңда төтенше жағдай қызметкерлері студенттермен тығыз байланыста. Олар болашақ мамандарға ай сайын түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, іс-шаралар өткізеді. Бүгін 2-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде кәсіптік-педагогикалық колледж студенттеріне арналған экскурсия ұйымдастырылды.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, “Birgemiz” фронт-офисінің маманы:

– “Біз біргеміз” бағдарламасы аясында өрт сөндіру бөліміне келіп екі бірдей іс-шараның басын қосып отырмыз. Оның бірі – өрт сөндіру техникаларымен таныстыру, апат кезіндегі қимыл іс-әрекеттер туралы түсіндіру. Ал екіншісі болса, кинология қызметкерлерінің қалай жұмыс жасайтының көрсету.

Шара барысында ұл-қыздар өрт сөндіру бөлімінің тыныс-тіршілігімен және құтқару барысында қолданылатын құрал-жабдықтармен танысты. Әр түрлі төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен жандарға алғашқы медициналық көмек көрсету әдістері көрсетілді. Бейінді бөлімнің аға инженері Дәурен Әубәкіровтің сөзінше, осы сияқты түсіндірме жұмыстары жас мамандар үшін ауадай қажет.

ДӘУРЕН ӘУБӘКІРОВ, қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері:

– Көбінесе жоғарғы қабаттарда қалып қойған адамдарды қалай құтқаруға болатыны жайлы түсіндірудеміз. Біз тек қана студенттермен ғана емес, оқушылармен де жұмыс істейміз. Биылдыққа осы сияқты түсіндірме жұмыстары көптеп өткізілді.

Барлығы – басқосуға 60-қа жуық жас жиналды. Барлығының мақсаты -болашақта білікті маман болу. Студент Ақан Халдавлетов осындай экскурсияға бірінші рет қатысып отыр. Айтуынша, шараның маңызы зор.

АҚАН ХАЛДАВЛЕТОВ, СҚО жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Менің мамандығым – жол қозғалысын ұйымдастыру, яғни жол инспекторы мамандығы. Бүгінгі экскурсияда өзіме керек көп нәрсені үйрендім. Осы сияқты шаралар болашақта көптеп өткізілсе деймін.

Биылғы жылы “Birgemiz” фронт-офисінің мамандары 200-ге жуық іс-шара өткізген.