Қаладағы “Дарын” мектеп-лицейінде 1300-ден астам оқушы білім алады. Оның 34-і жақында үлкен өмірге қанат қағады. Оның арасында “Алтын белгіге” үміткер – Даниил Ланщиков бар. Бүгін болашақ түлек артынан еріп келе жатқан жас бүлдіршіндерге ізгі тілегін жолдады.
Оқуын үздік аяқтайын деп отырған оқушының 11 жыл ішінде жеткен жетістігі жетерлік. Болашаққа қойған мақсаты да айқын.
ДАНИИЛ ЛАНЩИКОВ, “Дарын” мектеп-лицейінің оқушысы:
– Менің мектептегі жетістіктерім көбінесе пәндік олимпиадаларға байланысты. Биыл математика пәнінен халықаралық сайысқа қатыстым. Ағылшын тілі бойынша да біраз байқауда бақ сынадым. Нәтижесінде қалалық және облыстық көлемде жеңімпаз атандым. Мектепті аяқтағаннан кейін Еуразия ұлттық университетіне құрылыс инженері мамандығы бойынша түскім келеді.
Оқу жылының аяқталуына тек бір күн қалды. Жылды қорытындылау үшін 5-11 сынып оқушылары акт залына жиналып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың үндеуін тыңдады.
Кейін ортаға мектеп директоры шығып, осы оқу жылында белсенділік танытып, білім арқылы сынға түскен ұл-қыздарды мақтау қағаздарымен марапаттады. Ішінде республикалық сайыстарда топ жарған оқушылар да баршылық.
“Дарын” – сапа жағынан оқу орындарының алдыңғы шебінде тұратын мектептердің бірі. Нағыз білімді ұл-қыздардың ошағы деуге болады.
НАТАЛЬЯ МЕНЬШЕНИНА, “Дарын” мектеп-лицейі директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары:
– Бұл мектепте нағыз шығармашыл, белсенді, үздік ұстаздар жұмыс істейді. Биыл біліктіліктерін арттыру үшін конкурстарға да қатысты. Мұнда барлық мұғалімге бағыт беріп отыратын көшбасшы бар. Мектеп директоры мұғалімдердің жұмыс жүйесін өте сауатты түрде құрастырды, қолдау да береді. Бұл оқушылардың сапалы білім алуына зор ықпал етеді деп ойлаймын.
Айта кету керек, бүгін таңғы 9:00-де барлық мектептерде “Білімім – Отаныма” атты бірыңғай сынып сағаты өтті. Аталмыш білім ұясының 9-11 сынып оқушылары да жиынға қатысып, “Мен. Мектеп. Ұстаз.” тақырыбында эссе жазды. Ұл-қыздар параққа болашағы мен жеке өмірі туралы ойларын түсірді.
Ақжүніс Мұқатай