Заречный – табиғи апат уақытында орасан залал тиген кент. Елді мекеннің жартысынан көбін қызыл су басты. Қазір мұнда қалыпқа келтіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Тоқтаусыз тазалау шараларының нәтижесінде 320 тонна қоқыс шығарылыпты.
Бұл – Вера Голованованың 70-ші жылдан бері тұратын үйі. Жолдасынан айырылып, кейін үйіне су кіріп қайғы үстіне қайғы жамылған кейуананың баспанасында да тиісті жұмыстар жүргізілген. Тек технологтардың шешімі қалыпты.
ВЕРА ГОЛОВАНОВА, Заречный кентінің тұрғыны:
– Біздің үйге 2017 жылы аздап су кірген. Ол кезде жолдасым тірі болған. Сыртын қаптап, жөндеу жұмысын тыңғылықты жүргізген еді. Енді міне барлық еңбек далаға кетіп отыр. Оның үстіне қазір жалғызбын. Үйге комиссия келіп тексерді. Технологтардың жауабын күтіп отырмын. Менің ойымша үй тұруға жарамайтын сияқты.
Қазір аталмыш кентте Мамлют ауданының механикаландырылған бригадалары жұмыс істеп жатыр. Іске 40-қа жуық адам жұмылдырылған.
ТЕМІРЛАН МАМАШӘРІПОВ, Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:
– Біздің участкеге 79 үй кіреді. Оның барлығында тексеру мен бағалау жұмыстары жүргізілді. Барлығын қалалық әкімдікке жібердік. Нәтижесін күтіп отырмыз. Мұнда 5 бригада жұмыс істеп жатыр. 8 техника жұмылдырылған. Тұрғындардың үйіндегі қоқысты шығаруға көмектесіп жатырмыз.
Жалпы, Заречный кентінде Ақжар, М.Жұмабаев және Мамлют ауданынан келген бригадалар жұмыс атқаруда.
Ақжүніс Мұқатай