Бүгін Оқушылар сарайында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында республикалық форум өтті. Алқалы жиынға өңірден 150-ге жуық ұстаз бен еліміздің әр аймағынан келген филология ғылымының докторлары қатысты. Талқыға түскен тақырып – қазақ тілінің бүгіні мен ертеңі.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы СҚОФ төрағасы:
– Форумның негізгі мақсаты – облысымызда мемлекеттік тілді дамыту. Бұл – біздің өңіріміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Сол себепті, балабақшадан бастап, университет студенттеріне дейін түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Қазақтың ұлы ақындарын дәріптеу мақсатында сынып сағаттарын көптеп өткізуді жоспарлап отырмыз.
Форум барысында оқушылардың оқу сауаттылығы мен мәдениетін арттыру және мұғалімдердің кәсіби дағдыларын дамыту жайында сөз қозғалды. Статистикаға сүйенсек, былтыр облыс бойынша қазақ сыныптарына балалардың 22 пайызы ғана барған. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Шал ақын аудандық филиалының төрайымы Ажаркүл Қожахметтің сөзінше, бұған себеп – ата-аналардың үй ішінде қазақ тілінде сөйлемеуі.
АНАРГҮЛ ҚОЖАХМЕТ, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Шал ақын ауданы филиалының төрайымы:
– Соңғы 5 жылда қазақ тілін дамытуда ауқымды жұмыстар атқардық. Осы қарқынмен жұмыс істейтін болсақ, көкке көтерілеміз. Қазіргі таңда тілімізді тұғырға қоя алмай жатырмыз.
Оқытушылар қазақ тілінің қолданысын арттырып, пән бойынша әдістемелік оқу бағдарламасын жетілдіру туралы ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқытудағы жаңа тәсілдерді қарастырудың маңыздылығын атап өтті.
ЖАНАР ӘБІЛОВА, Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық мамандандырылған гимназия-интернаты қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:
– Қазіргі таңда мектебімізде балаларды кітапқа баулу мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Шындығында қазір кітап оқитын балалар саны аз. Соны түзеу мақсатында түрлі сайыстар ұйымдастырамыз.
Алдағы уақытта осы сияқты ауқымды іс-шаралар көптеп өткізілмек.